Білім

«Қазақстан халқына» қоры СҚО-да жеті мектепті жабдықтайды

Солтүстік Қазақстан облысында қайырымдылық бағдарламасы аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 7 мектеп жарақтандырылады. Бірінші кезеңде 94,2 млн теңгеге 4 мектеп қамтылады. Оның ішінде даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Чкалов арнайы (түзету) мектеп-интернаты, Соколовкадағы және Ломоносов арнайы мектеп-интернаты бар.
Екінші кезеңде қаладағы №1 мен 2-ші және Шөптікөл арнайы мектеп-интернаттары заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылады. Еске сала кетейік, жуырда Петропавлда «Арнайы мектеп ұйымдарын жарақтандыру» қайырымдылық бағдарламасы аясында есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернаты
жабдықтаудан өтті. Оған 33 млн теңге жұмсалды.

София Айсағалиева, «Қазақстан халқына» қорының басқарушы директоры:

– Қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты арнайы мектептерге тиісті көңіл бөлінбеді. Сондықтан, оқу және түзету-дамыту жабдықтары жаңалауды қажет етеді әрі балалардың ыңғайлы және қолжетімді ортада білім алуы үшін жағдай қажет. Қордың іске асырып жатқан бағдарламасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту, дамыту және әлеуметтендіру үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.