Қоғам

СҚО-да жыл басынан бері 100-ден астам ерлі-зайыпты ажырасу жөнінде арыз жазған

Бала тәрбиесі, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, жалпы отбасылық құндылықты байыту және оны қалай сақтап қалу қажет. Бұл мәселе облыстық әділет департаментінде іскер әйелдердің қатысуымен өткен жиында талқыланды. «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, отбасында ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды. Оған көп жағдайда не себеп болады? Мәселе – ерлі-зайыпты арасындағы түсініспеушілік пен қаржыға келіп тіреледі дейді кәсіпкер Айтықан Қалғаева.

АЙТЫҚАН ҚАЛҒАЕВА, СҚО кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі:

– Өзім 38 жыл бойы жолдасыммен бірге тұрып келе жатырмын. Отбасында кикілжің туындамай тұрмайды. Өмір болғаннан кейін әр түрлі жағдай болады. Әйел адам болғаннан кейін өз орныңды білу керек. Үйдегі болған атмосфера әйел адамға байыланысты. Ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжал жоқшылықтан болады.

Осы екі арада бала ұмыт қалмауы керек. Оның көңілі, жүріс-тұрысы, сабағы. Өйткені, ересектер арасында туындаған ұрыс-керіс баланың сана-сезіміне әсер етуі мүмкін. Психолог Ғалия Баязитованың айтуынша, оның көмегіне күніне 20-ға жуық адам жүгінеді екен. Дені – жастар. Оларды алаңдататын мәселе – өз бойындағы тұйықтық, жақындарының түсініспеушілігі.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, психолог:

– Қазіргі таңда балалар ұялы телефонға тәуелді болып отыр. Ал ата-ана күн көру мәселесімен баланың бойындағы ерекшеліктерін, тұлғалық дамуын байқамауы мүмкін. Сол себепті, балада әр түрлі ауытқушылықтар пайда болады. Әрбір ұл-қызға назар аудару қажет. Отбасында махаббат пен сенім болу қажет. Балалардың негізгі көтеретін мәселесі – махаббат, мотивация, буллинг.

Мамандардың айтуынша, өңірде ажырасу жиілеген. Соңғы 2 айдың ішінде 428 жұп отбасын құрса, 101 отбасы ажырасу жөнінде арыз жазған.

 

Гульден Симбаева