Қоғам

СҚО-да өткен жылы 500-ден астам мемлекеттік қызметші жазаға тартылды

Облыс орталығында әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібіне 5 мәселе шығарылды. Соның бірі жұмысында тәртіптік теріс қылық жасағандарға қатысты. Өткен жылы мемлекеттік қызметші атына кір келтірген 9 адам анықталып, екеуі қызметінен қуылған.

АЙДАР МҰҚАНОВ, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасының бөлім бастығы:

– Бір мемлекеттік қызметші ҚР Мемлекеттік қызметі туралы заңының «Қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкiмiнің заңды күшіне енуi» бабы бойынша, ал екіншісі тиісті міндеттер мен шектеулерді сақтамағаны үшін жұмысынан босатылды.

Статистика көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің көбі лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланады. Өткен жылы
облыста тәртіптік теріс қылық жасаған 559 мемлекеттік қызметші жазаға тартылған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда небары 18%-ға кем.

ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР Мемлекетік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Әдеп кодексін бұзғаны үшін 18 мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылды. Ал мемлекеттік қызметке кіріп, теріс қылық жасаған қызметшілер – 8. Өрескел бұзушылықтар – 25, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 34 пайызға аз.

Былтыр облыстық әдеп жөніндегі кеңес отырында 14 тәртіптік іс қозғалған.

 

Самал Жунусова