Экология

Өңірдегі өзен-көлдер оттегімен байытылып жатыр

Қызылжар ауданына қарасты Соколовка ауылы маңындағы Сивково көлінде мына трактор бірнеше сағаттан бері мұз оюда. Бұл жұмыстың өзіндік маңызы бар. Оны жауапты сала өкілдері мен табиғат жанашырлары жақсы біледі. Сондықтан, су айдынына ерте келіп, іске білек сыбына кірісіп кетіпті.

СЕРГЕЙ БРЮХОВ, “Соколов орман шаруашылығы” КММ аңшылықтанушысы, Қызылжар ауданы:

– Қыс мезгілінде өзен-көлдердегі оттегі азаяды. Салдарынан балықтар қырылып қалуы мүмкін. Біз бұған жол бермес үшін жылдағы дәстүрге сай аэрация жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл – мұз астындағы тіршілік иелерінің тірі қалуына ықпал ететін бірден-бір әдіс.

Мамандар өздеріне үйреншікті қарапайым әдісті қолдануда. Трактордың немесе адам қолындағы электр бұрғыдан пайда болған ұңғымадан мотопомпа арқылы су сорылады. Нәтижесінде мұз астына оттегі барады.

Қаз-қатар жасалған ұңғымалар қатып қалмауы тиіс. Қатып қалса, адам еңбегі далаға кетеді. Өзен-көлдер де оттегімен байытылмайды. Мұндай сәтте қамыс қолданылады. Қамыстың тығындалған тұсы тобарсығанымен, түтікшенің өзі арқылы мұз астына ауа барады.

МИХАИЛ НИКИТИН, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлiм басшысы:

– Қазір өңірдің 543 су айдынында балық шаруашылығы қолға алынған. Олардың 300-ден астамына иелері жауапты. Яғни, аэрация сынды жұмыстары жалға алушылар өз күштерімен жүргізеді. Ал 200-ден астамы – мемлекеттік қорда. Солардың жай-күйін біз бақылаймыз. Жыл басынан бері 62 айдын оттегімен байытылды.

Жалға алушылардың жұмысын жауапты сала өкілдері тексеріп тұрады екен. Егер іс жүргізілмесе немесе көңілден шықпаса, жауапкершілік қарастырылған. Қазір өңірдегі су айдындарындағы мұздың қалыңдығы әртүрлі. Мысалы, бүгін оттегімен байытылған көлдің беті 1 метрге дейін қатып жатыр.

 

Байболат Култанов