Қоғам

Өңірде бала күтіміне байланысты 9,5 мың әйел әлеуметтік төлем алады

Лаура Оразалина – 3 баланың анасы. Қазіргі таңда нәзікжанды ең кіші 4 айлық баласын бағып үйде отыр. Бұған дейін банк қызметкері болып еңбек еткен. Нәзікжанды жүктілікке және бала күтіміне берілетін ақшалай қолдауды алу үшін жүктілігінің 30-шы аптасында қамданған. Дәрігердің тиісті қағазын алып, жұмыс орнында декреттік демалыс рәсімдепті.

ЛАУРА ОРАЗАЛИНА, қала тұрғыны:

– Құжаттарды алып, ХҚКО мамандарының көмегіне жүгіндім. 8 күннен кейін маған төлем тағайындалды. Содан кейін тағы бір жағымды жаңалықтан хабардар болдым. Бала күтімі үшін берілетін қолдау 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылғанын естіп қуандым.

Өңір бойынша мұндай төлемді қазір 9,5 мың нәзікжанды алып отыр. Енді мемлекет тарапынан беріліп отырған төлемнің қалай жүргізілетініне тоқталайық.

АНАР ЖҮНІСОВА, “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ СҚОФ директоры:

– Жүктілігі және босануы бойынша біржолғы төлемге құқығы уақытша еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген демалыс берілген күннен бастап беріледі. Төлем мөлшері соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке уақытша жарамсыздық күндерінің санына байланысты. Ал баланы 1,5 жасқа дейін күту үшін төлем бала туылған күннен бастап жүргізіледі. Төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірісінің 40% құрайды.

Өткен жылы өңірге ана мен баланы қолдау мақсатында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4,6 млрд теңге бөлінген. Оның 2,2 млрд теңгесі – біржолғы төлемге, қалғаны бала күтіміне бағытталыпты.

 

Алдияр Айтпаев