Ауыл шаруашылығы

Биыл алқаптарға 200 мың тонна тыңайтқыш сіңірілмек

Қос жаққа да тиімді кездесу. Бүгін Петропавлда минералды тыңайтқыш жеткізуші компания өкілдері мен өңір аграрийлері бас қосты. Жиын барысында тараптар тыңайтқыш сату және сатып алу жөнінде шарт жасасты. Бұл бас қосу облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың тапсырмасымен өткізілуде.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Бұндай кездесулерді жыл сайын жасаймыз. 2022 жылы желтоқсан айында өткен болатын.
5-55 Жылда біздің мемлекет қаржыландыру бойынша жақсы қолдау беруде. Минералды тыңайтқышқа кеткен шығынның 50% мемлекет өтейді.

Өңірімізге тыңайтқыш жеткізетін 10-ға тарта серіктестік бар. Соның бірі – “BAIDALA” компаниясы. Қазіргі таңда бұл серіктестік ел бойынша 800-ге тарта аграриймен жұмыс істеуде. Оның 200-ге жуығы – солтүстікқазақстандық диқандар. Пайдалы өнімді компания 10-ға тарта отандық және бірнеше шетелдік өндіріс орындарынан жеткізеді.

САМАТ ТАНАТҚАНОВ, “BAIDALA” ЖШС өңірлік менеджері:

– Арнайы агрономиялық бөліміміз бар. Бізден тыңайтқыш алған диқандарға жоспар құрып береміз. Пайдалы өнімді қалай, қандай нормада қолдану керектігін айтамыз. Серіктестіктердің алқаптарына да барып, тексеріс жүргіземіз. Орақ науқанында да жағдайды бақылаймыз. 3 саты бойынша қолдау көрсетеміз. 2022 жылы өңір диқандарына 20 мың тонна тыңайтқыш саттық. Қазіргі таңда тағы 300-400 клиентке қолдау көрсетуге дайынбыз.

Тыңайтқыш диқандарға алқаптан мол өнім алуға септеседі.
Бұған – “ЖНВ” серіктестігінің көрсеткіші дәлел. Пайдалы өнімді қолданудың нәтижесінде астықтың шығымдылығы 30-40% артады екен.

АЛЕКСАНДР ЛАУДЕНШЛЕЙГЕР, “ЖНВ” ЖШС бас агрономы, М.Жұмабаев ауданы:

– Көбінесе минералды тыңайтқышты көктемгі дала жұмыстары кезінде қолданамыз. Аммофоз, карбамид сынды түрлерін себеміз. Тыңайтқыш қолдану арқылы өнім көбейіп қана қоймай сапасы да артады. Жыл сайын 11 мың гектар жерге егін егеміз.

Биыл өңірімізге 200 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілмек. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 40 мыңға көп болмақ. Қазіргі таңда оның 120 мың тоннасын сатып алу жөнінде келісім жасалыпты. Айта кетейік, алдағы көктемгі дала жұмыстарында солтүстікқазақстандық диқандар 4,5 млн га жерге дән сіңірмек.

 

Алдияр Айтпаев