Спорт

“Береке” шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады

Облыстық әкімдік қабырғасында кезекті алқа отырысы өтті. Бұл жолы жиын дене шынықтыру және спорт саласына қатысты болды.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары:

– Былтыр ақылы түрде спортпен шұғылданатын 3 мыңға жуық бала тегін түріне ауысты. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 415 млн теңге бөлінді. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Қазіргі уақытта 46 мыңға жуық ұл-қыз спортпен тегін айналысады.

Облыста балалар мен бұқаралық спортты дамыту үшін қажетті жағдай жасалуда. Қазіргі уақытта өңірде 215 мыңнан астам адам, яғни халықтың 40 пайызы спортпен шұғылданады. Жыл сайын жаңа спорттық нысандар бой көтеруде.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Өткен жылы 28 спорт ғимарат ашылды. 13-і шағын футбол мен 1 хоккей алаңы аудандарда орналасқан. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған нысандардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Сонымен қатар, облыс орталығындағы “Қарасай” стадионында қайта жаңғырту жұмыстары бастау алды. Бұл мақсатқа 1 млрд 235 мың теңге бағытталған.

Былтыр “Жастар” стадионында республикалық жарыстың стандарттарына сәйкес жаңа жасанды жабынды төселді. Оған 117,5 млн теңге жұмсалды. Қазіргі уақытта өңірде 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Биыл тағы бір кешен “Береке” шағын ауданында бой көтереді. Учаске бөлінді, жобалау-сметалық құжаттама сараптамадан өтті. Болашақта мұнда 35 мың адам спортпен шұғылдана алады. Айта кетсек, солтүстік өңірде дарынды спортшылар аз емес. Бүгінде 400 бала республикалық құрамаға мүшелік етеді. Олардың оқу-жаттығу жиындарға қатысуына облыстық бюджеттен қомақты қаржы бағытталады.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Біздің өңірде оқу-жаттығу жиынын өткізуге арналған жеке лагерь болса жақсы болар еді. Сондай-ақ, спорт мектептерінде оқитын балалар үшін жазғы оқу-жаттығу жиындарын өткізуге арналған спорттық-сауықтыру лагері жоқ. Осы мәселені шешу қажет. 

Жиында спортшыларды Олимпиада ойындарына баптаумен айналысатын жоғары спорт шеберлігі мектебінің жұмысы жайлы да айтылды. Өткен жылы 40 спортшы Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданып, мектептің 40-тан астам тәрбиеленушісі Азия чемпионаттарында жүлдеге ие болған. Балалар мұнымен тоқтап қалмайды. Алда әлі жазғы Азия ойындары бар.

 

Самал Жунусова