Мәдениет

СҚО-да мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандардың қатары артып келеді

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына 600-ге жуық нысан қарайды. Соның 17-сі облыс орталығында орналасқан, қалғаны – ауылды жерлерде. Басқарма басшысы Досбол Әбдірейісов өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингіде саланы қаржыландыру көлемі артқанын айтты.

Досбол Әбдірейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

– Саланы қаржыландыру жыл сайын оң серпінге ие және 2022 жылы сала бюджеті 10,4 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 37 пайызға көп. Қазіргі заманғы Қазақстанның мәдениет жүйесі үшін тұлғаның шығармашылық әлеуетінің өсуін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау мәселесі өзекті болып отыр.

2020 жылдан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы артуда.
Биыл 22 пайызға өскен, ал 2025 жылға қарай еңбекақы көлемі 2 есеге артады екен. Сонымен қатар, театр актерлеріне жалақыдан бөлек 50 пайызға дейінгі мөлшерде үстемақы төленеді. Мамандар бұл өзгерістің кадр тапшылығын шешуге септесетініне сенімді.

Досбол Әбдірейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

– Салада кадрлардың үлкен тапшылығы байқалатыны жасырын емес. Саладағы кадр тапшылығын шешу үшін ЖОО-да шығармашылық мамандықтар бойынша білім алу үшін облыс әкімінің гранттарын бөлу туралы ұсыныс қолдау тапты.

Досбол Әбдірейісовтің айтуынша, өңірде мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандардың қатары жиілеген. Өткен жылы облыстық тілдерді оқыту орталығына 3 мыңға жуық адам келген. 71 топтың 61-і қазақ тілінде оқыған.

 

Гульден Симбаева