ҚоғамСайлау

“BAYTAQ” жасылдар партиясының мүшелері Есіл ауданының тұрғындарымен кездесті

Бұл – Явленка ауылындағы орталық аудандық аурухана. Бүгін мекеме мамандарымен “BAYTAQ” жасылдар партиясының мүшелері жүздесті. Экология мәселесі Есіл ауданында өткір тұр. Жиынға қатысқан тұрғындардың айтуынша, Бұлақ ауылы маңында орналасқан кен орны салдарынан елді мекенде онкологиялық ауруға шалдығу жағдайлары жиілеген. Мұны кездесу барысында партия өкілдері де тілге тиек етті.

НАУРЫЗБЕК ҚҰЛМҰҚАНОВ, облыстық мәслихат депутаттығына үміткер:

– Біз арнайы сарапшыларды шақырып, радиация деңгейін анықтай аламыз. Нормадан аспауын қадағалау керек. Бұл бірден шешілетін мәселе емес.

Аудан тұрғыны Татьяна Рашкованың жалақыға көңілі толмайды. Нәзікжанды орталық ауруханада санитарлық қызметкер болып жұмыс істейді. 28 жылдық еңбегі үшін азаматша айына 73 мың теңге алады. Яғни, ең төменгі жалақыдан 3-ақ мың теңгеге көп.

ТАТЬЯНА РАШКОВА, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Жалақымыз жұмыс уақыты 1,5-2 сағаттық техникалық қызметшінікімен бірдей. Ол еденді жуып, үйіне кетеді. Біз таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жүреміз.

НАУРЫЗБЕК ҚҰЛМҰҚАНОВ, облыстық мәслихат депутаттығына үміткер:

– Сіздің айтып отырған мәселе біздің облысқа ғана қатысты емес. Бұны үкімет деңгейінде қарастыру қажет.

Жалпы, Есіл ауданына келмес бұрын партия өкілдері 5 аудандағы ағайынмен жүздесіпті.

НАУРЫЗБЕК ҚҰЛМҰҚАНОВ, облыстық мәслихат депутаттығына үміткер:

– Бірінші, ол – жол мәселесі. Бұл мәселе облысымызда өткір тұр. Екінші проблема – байланыс мәселесі. Деңгейі өте төмен. Кейбір ағайын интернетке кірмек түгілі байланыстың жоқтығынан қоңырау да шала алмайды. Сондай-ақ, жер мәселесі де бар. Кейбір жандардың жерлері ірі шаруашылықтардың меншігіне кіріп кеткен.

Жиын барысында аудан тұрғындары сапалы ауыз су мәселесін де көтерді.

 

Алдияр Айтпаев