Қоғам

Мәжіліс депутаттығына үміткер аудан тұрғындарымен кездесті

Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер Еркебұлан Мәмбетов Ақжар ауданының тұрғындарымен кездесті. Әлеуметтік нысандарды аралаған ол Талшық ауылында жастармен және кітапхана қызметкерлерімен жүздесіп, еңбек жолын баяндады.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, Мәжіліс депутаттығына үміткер:

– Еңбек жолым 1993 жылы ауыл шаруашылығы саласынан басталды. Сол кезден біраз еңбек етіп, 98-ші жылы «Мамбетов и К» серіктестігі ашылды. Кейін Мамлют пен Қызылжар ауданының әкімі болып жұмыс істедім.

Кішкенекөл ауылында Еркебұлан Мәмбетов ауыл тұрғындарының үйлеріне кіріп шығып, толғандырған мәселелерін тыңдады. Зейнеткер Медғат Сайфиев ауылға көп көңіл бөлу керек дейді.

МЕДҒАТ САЙФИЕВ, Кішкенекөл ауылының тұрғыны, Ақжан ауданы:

– Елу жылда ел жаңа. Қазақстан да жаңару керек. 2000 жылдары кәсіпкерлікпен айналысқанмын, бірақ алысқа дами алмадым. Басты мәселе – мектеп. 9 жылдық мектеп болған. Ол жабылғаннан кейін халық көшіп кетті.

Уәлиханов ауданына қарасты Мортық ауылында да мәселе аз емес.
Тұрғындардың айтуынша, ауылға су мен жол керек, жұмыс орындарын құру қажет. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін іскер жандарға қолдау қажет.

БҰЙДАХМАН ӘБДІКИРМ, Мортық ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Үлкен шаруашылықтарға ғана көңіл аударылады, қолдайды, субсидиялары төленеді. Ауылымызда да жағдай нашарлап бара жатыр, су мәселесі бар. Мына үлкен фермаларды қолдайды дегенім, бізде жер жоқ. Бізге де қолдау қажет.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, Мәжіліс депутаттығына үміткер:

– Әрбір ауданда, ауылда мәселе шешіліп жатыр. Облыс бағдарламаларында қанша жер қайтарылуы қажет туралы жазылған. Әр мәселенің шешімін табуға болады, жоқ деп отырып қалуға болмайды деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта Мортық ауылында 400-ге жуық адам тұрады.

 

Самал Жунусова