Қоғам

Алғыс айту күніне орай бауырсақ пен шәй үлестірілді

Түк көрінбес боранда, қатты аязда көшеде жұмыс істейтін коммуналдық қызметкерлер алғысқа лайық. Алғыстарын петропавлдық жастар бүгінгі мерекеде білдірді. Олар таңнан бері Қазақстан Конституциясы көшесі бойында тер төгіп жүрген жандарға ыстық бауырсақ пен шәй үлестірді.

Қуантарлығы, мейірімділікке жаны құмар еріктілердің қарасы қалың. Бүгінгі шараға 15 волонтер қатысты. Әкелгенінен ұсынып, дымы қалмай жүрген жастың бірі – Анеля Исмагулова. Ол иісі мұрын жарар бауырсақты өзі пісіріпті.

АНЕЛЯ ИСМАГУЛОВА, ерікті:

– Біз шәй демдеп, бауырсақ пісіру арқылы қоғамдық қызметкерлерге үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді.

КРИСТИНА ШИРОЧЕНКО, ерікті:

– Осы күні барлығы бір-біріне алғыс айтып, ризашылықтарын білдіреді. Біз қалыс қалмауды шештік. Біздің әлемімізде мейірімділік көп болу керек.

Күйбің тірліктен бір сәт тынығып, бауырсақтан дәм татқан қызметкерлер қуанып қалды. Жастарға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жаудырды.

– Бүгінгі мерекемен барлығыңызды құттықтаймын. Сіздерге көп-көп рахмет. Ашық аспан болсын.
– Бүгін мұндай акция болады деп мүлде күткен жоқпыз. Бізге келіп, осылай қуантқандарыңызға мың алғыс.

Жалпы, жастар Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған шараға 20 келі бауырсақ пен сонша литр шәй әзірлепті.

 

Аснурия Абдула