Қоғам

Алғыс айту күніне арналған телекөпір өтті

Бүгін елімізде Алғыс айту күні аталып өтуде. Айтулы күнге орай облыстық әкімдік қабырғасында телекөпір өтті. Шараға еліміздің 40-қа тарта Достық үйінің өкілдері онлайн форматта қосылды. Барлығы – 400 қатысушы. Өңірімізден жиынға қатысқандардың бірі – заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, заң ғылымдарының кандидаты:

– Бүгін ҚХА қоғамдағы өзінің ең маңызды рөлін көрсетуде. Елімізде әрқашанда бейбітшілік болсын, ұлтаралық келісім мен бірлік болғай.

Бұл мереке 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-ші сессиясында қабылданды. Достық үйінің өкілдерінің қатысуымен мұндай жиын жыл сайын өтеді. Қалың көпшілік бас қосып, ел дамуына тамшыдай болса үлес қосқан жандарға алғыстарын білдіреді. Сондай-ақ, қазақ жерінде бір шаңырақ астында туған бауырдай күн кешкен бір-біріне рахметтерін айтады.

АЛЛА КУВШИНОВА, СҚО ҚХА қайырымдылық клубының төрағасы:

– Алғыс айту арқылы адам жақсы жаққа өзгереді. Қайырымды істерге ұмтылады. Қазақстанның әрбір азаматы бүгінгі күнімізге разы болу керек. Бейбіт күнде тұрып жатырмыз. Еліміздегі түрлі ұлт өкілдерімен тату-тәттіміз. Славян халықтарының атынан қиын қыстау шақта бізге және басқа да этностарға көмектесіп, қолда барын аямай бергендері үшін қазақ жұртына алғыс білдіремін.

Жанға жылу сыйлар мерекемен бүгін ел Президенті де құттықтады. Мемлекет басшысы мерекенің маңыздылығына кеңінен тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР Президенті:

– Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі. Бүгінгі мейрамда адал еңбегі, жасампаздығы мен отаншылдығы үшін барша халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құрып, елімізді одан әрі өркендете береміз деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!

Айта кеткен жөн, қазіргі таңда елімізде бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілі тұрады.

 

Алдияр Айтпаев