Мәдениет

Тойкен Күдерова 65 жасқа толды

Өңірдің ұлағатты ұстазы, атақты “Күдер” домбырашылар ансамблінің жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері Тойкен Күдерова 65 жасқа толды. Осыған орай облыс орталығында “Қалдырған ізің мәңгілік” атты кеш ұйымдастырылды. Онда талант иесінің шәкірттері өнер көрсетті.

Тойкен Күдерова – Жамбыл ауданының тумасы. Ол 86-шы жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған соң туған жеріне оралады. Өңірдің өнер саласында аянбай тер төкті, облыста кәсіби домбырашылар мектебінің негізін қалады. Мұның бәрі “Sana” әдеби-музыкалық клубы ұйымдастырған кеште айтылды. Іс-шарада күйдің құдіреті, мерейтой иесінің жанұясы, талантты ұлы туралы да баян етілді.

БОТАГӨЗ ҚОЖАБЕКОВА, “Sana” әдеби-музыкалық клубының мүшесі:

– Күй өнері бізді қатты ойландырады. Бала күнімізде күйді қабылдамауымыз мүмкін. Есейе келе күйдің қасиетін, құдіретін түсінесің. Жаңа елімізді шетелге танытқан күйші Думан Күдеровтің өмір тарихын көрдік. Көзімізге жас алдық.

Бұл сара жолды Тойкен Күдерованың шәкірттері абыроймен жалғап келеді. Оған халықаралық деңгейдегі шығармашылық шаралар дәлел. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын “Күдер” домбырашылар ансамблінің өнерпаздары Дубайда өткен байқауда топ жарды.

 

Байболат Култанов