БілімҚоғам

Студенттерге арналып бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогикалық колледжінің фойесі студенттерге лық толы. Мұнда жастарға жұмыс ұсынуға 22 кәсіпорынның өкілдері келіп отыр. Әрқайсысының алдында ұзын-сонар кезек. 300-ге тарта студент өздерінің болашақ мамандығы бойынша қызығушылық танытып, сұрастырып жатыр. Кәсіптік-педагогикалық колледжін биыл бітіретін Дулат Өмірзаққа қызмет орнын іздеп әлек болудың қажеті жоқ. Болашақ жұмыс орнын ол өндірістік тәжірибеден өту барысында анықтап қойған.

ДУЛАТ ӨМІРЗАҚ, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Мен дәл қазір №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде диплом алдындағы тәжірибеден өтіп жатырмын. Сол жерде маған жұмысқа орналысу туралы ұсыныс түсті. Жалақылары да жақсы. Негізі, бұл мамандықты таңдаған себебім, ағаларымның ізін қуғым келді.

Жәрмеңкеде тәртіп сақшыларына 15 минуттың ішінде 15-ке жуық болашақ түлек келіп, өзі жайлы ақпарат қалдырып кетті.
Қалалық полиция басқармасында 100-ге жуық бос жұмыс орны бар.
Студенттер “Полиция қатарында денсаулықта кінәрат болса, жұмыс істеуге бола ма?” деген сұрақ қойды.

ЕРЛАН КӘРІБАЕВ, қалалық ПБ бөлім бастығы:

– Студенттердің қойған сұрақтарына жауап бердім. Қандай құжат қажет екендігін егжей-тегжейлі түсіндірдім. Осы салада қызмет етемін деген жанның денсаулығы мықты болуы қажет. Тағы бір айта кететін жайт, денесінде ешқандай сурет болмауы керек.

Білім ордасында жәрмеңке жыл сайын өткізіліп тұрады. Нәтижесінде жыл сайын қолына диплом алған жастардың 70 пайызы жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, бұл шара түлектің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына септеседі. Биыл бітірген жастардың тең жартысы алған біліміне бағытталған салада еңбек етуде.

ЕРКІН ЖАҚЫПОВ, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің директоры:

– Біздің масқатымыз – студенттерді жұмысқа орналастыру. Практика кезінде студенттер жұмыс берушілердің базасында тәжірибеден өтеді. Қазіргі таңда өрт сөндірушілер, автомеханик мамандықтарына сұраныс көп.

Колледж қабырғасында мыңнан аса студент білім алып жатыр, соның 270-і биыл қолдарына диплом алады.

 

Гульден Симбаева