Қоғам

Полиция қызметкерлері қайырымдылық шарасын ұйымдастырды

Қайырымдылық десанты. Полиция қызметкерлері осындай атаумен қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Шара Алғыс айту күніне орайластырылды. Оған облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Жұлдыз Саттарова мен кәсіпкер Рамис Сәлімжанов қатысты. Барлығы бірлесіп петропавлдық аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың үйлеріне азық-түлік апарып берді.

Қуаныш Шаяхметов, қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторы:

– Бұл іс-шараның мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған және басқа да қиын жағдайдағы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету бойынша полиция қызметкерлері мен барша жұртшылықты біріктіру болып табылады. Бүгін біз осы акцияға орай бірлесе отырып, көптеген отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз еттік.

Көптеген отбасыларда 4-5 баладан бар. Дені кәмелет жасына толмаған. Бірінде ерекше қыз тәрбиеленуде. Жеткіншек диагнозына қарамастан белсенді өмір салтын ұстанады, билейді, жарыстарға қатысады екен.
Азық-түлікпен барған меймандар балаларды түрлі тәттімен қуантты. Сондай-ақ, үй иелерінен қандай көмек қажет екендігін сұрады.

Жұлдыз Саттарова, СҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы:

– Осындай акциялардың өткізілуі өте маңызды деп ойлаймын. Алдағы уақытта көптеген жобалар аясында қиын жағдайға түскен отбасыларға психологиялық тұрғыда және заңдылық жағынан көптеген көмек көрсетіледі.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, тәртіп сақшыларына деген сенімді арттырады.