Қоғам

Ертең көктемгі әскерге шақыру науқаны басталады

Ертеңнен бастап елде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталады. Биыл 1-ші наурыз бен 30-шы маусым арасында 600-ге тарта солтүстікқазақстандық қарулы күштер қатарына қабылданбақ. 12 ай бойы әскери өмірге 18 бен 27 жас аралығындағы жалынды жігіттер машықтанады. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында алдағы науқанға деген дайындық туралы бейінді басқарма өкілдері айтып берді.

МАРАТ КӘРІМОВ, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

– 1 наурыздан бастап Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 14 шақыру және медициналық комиссия, оның ішінде 12 аудандық, 1 қалалық және 1 облыстық шақыру комиссиясы жұмысқа кіріседі. Әскерге шақырылушыларды хабардар етуді қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен бөлімдер шақыру қағаздарын тапсыру арқылы жүргізеді. Сондай-ақ, соңғы екі жыл ішінде 1414 қызметі арқылы әскерге шақырылушыларға SMS-хабарламаларды, яғни электрондық шақыру қағаздарын тарату біртіндеп енгізілуде.

Шақыру қағазын алғаннан кейін әскерге шақырылғандар аталған күні есепте тұрған жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті. Онда болашақ сарбаздар медициналық комиссиядан өтеді. Ал жарамдылық дәрежесі анықталғаннан кейін олар әр түрлі әскери бөлімдерге Отан алдындағы борыштарын өтеуге жіберіледі.

МАРАТ КӘРІМОВ, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

– Барлық іріктеу іс-шараларынан өткеннен кейін олар мерзімді әскери қызметтерін өткеру үшін ҰҚК Шекара қызметінің, Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдеріне шақырылатын және жіберілетін болады. Осылайша, біздің балалар конституциялық борышын орындау үшін еліміздің түрлі өңірлеріне жіберілетін болады. Бүгінгі таңда әрбір әскерге шақырылушы қазақстандық армияда қызмет етудің абыройлы және беделді екенін біледі, олардың көпшілігі келісім-шарт бойынша әскери қызметте қалғысы келеді.

Жалпы, көктемгі мен күзгі әскерге шақыру науқанын қоса алғанда жыл сайын өңірімізден 1200-ге тарта жігіт өз борыштарын өтеуге аттанады.

 

Алдияр Айтпаев