Спорт

“Солтүстік” ойындарындағы тартысты ойындар

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Шорт-трек, футзал, хоккей. “Солтүстік – 2023” қысқы спорт ойындары осы сынды 10-ға тарта сайыстан тұрады. Бәсі биік бәсекелердің бірі қазір “Сұңқар” мұз айдынында өтуде. Мұнда Аққайың мен Есіл ауданының имек таяқшылары жүлделі 3-ші орынға таласуда.

Қос команданың да жартылай финалда жолы болмады. Бірі Қызылжар, енді бірі Ғ.Мүсірепов ауданының жергілікті спортшыларына есе жіберді.

Қолаға талас алғашқы минуттардан-ақ қызды. Қос аудан ойыншылары аса белсенді ойын өрнегін көрсетуде. Нәтиже жоқ емес. Есеп бірінші периодтың екінші жартысында ашылды. Алға суырылып аққайыңдықтар шықты. Дегенмен, көк жейделі жігіттердің қуанышы көпке созылмады. Есіл ауданының командасы қарымта шабуылда қақпашыны қапыда қалдырып, есепті теңестіріп кетті.

Бірінші периодта қос құрама 1:1 есебімен тарқасты. Көз сүйсінетін ойын көзі қарақты спортсүйер қауымға да ұнауда.

– Ойын жақсы өтуде. Жалпы, жарыс жақсы ұйымдастырылған. Спортшылардың деңгейі жоғары.
– Командалар мықты. Деңгейлері де шамалас. Кімнің жеңерін болжау қиын.
– “Солтүстік” ойындары өте жақсы өтіп жатыр. Бәрі әділетті өтуде. Мықты командалардың бағы жанып жатыр.

Жалпы, Ғ.Мүсірепов ауданында мықтылар спорттың 4 түрінен анықталуда. Ал қалған сайыстар бойынша үздіктер бұған дейін анықталып қойған екен.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бүгінде жалпы есепте Ғ.Мүсірепов ауданы көш бастап тұр. Аудан спортшылары арасында шаңғы жарысы мен көпсайыста және шорт-тректе жарыс иелері жеңіске жетті. Ал Есіл ауданы керлингте қарсылас шақ келтірмеді. Айтпай кетпеске болмас, жыл сайын бұл додаданың бәсі артып келеді. Спортшылардың деңгейі де жоғары.

Қола үшін талас болған ойынды қорытындыласақ, жеңіске аққайыңдықтар жетті. Команда 7:4 есебімен қарсыласты тізе бүктірді.

ЭДУАРД БОНДЫРЕВ, жарысқа қатысушы, Аққайың ауданы:

– Алтыннан үмітті болып келген едік. Қола бұйырды. Бұл жарысқа қыс бойы дайындалдық. Еңбек зая кетпеді. Барлық қарсыластар мықты. Енді келер жылы жеңімпаз болуға тырысамыз.

Ал финалда Қызылжар ауданының спортшылары айдын иелеріне жол беріп, күмісті қанағат тұтты.

 

Алдияр Айтпаев