Мәдениет

Облыс орталығында Масленица мерекесі аталып өтті

ГҮЛДЕН СИМБАЕВА, тілші:

– Қаланың орталық алаңында славян халықтарының Масленица мерекесі аталып өтіп жатыр. Жиналған жұртшылықтың қатары қалың. Мұнда мерекелік концерт ұйымдастырылған. Шараның басты символы – тәтті құймақ таратылуда. Сондай-ақ, неше түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылған.

Әсіресе, қаламыздың кішкентай тұрғындары мәре-сәре. Олар арбаға жегілген атты қызықтауда. Кезекпен арбаға мініп, арқа-жарқа болуда. Ал мына жақта – сахнада славян халықтарының әндері шырқалып, билері биленуде. Өнерпаздардың киген киімдерінен-ақ, мерекенің атмосферасы сезіледі.

АРМАН БУХАРОВ, қалалық мәдениет үйінің қызметкері:

– Сахналанған қойылым осы қысты шығарып салуға арналып отыр. Қойылымның ішінде ән де, би де бар.

Ойындардың ішіндегі ең қызықтысы әрі қиыны – бөренеге өрмелеу. Суыққа қарамастан тұрғындар мына биік бөрененің басына шығып, тігілген туды алуы қажет. Бұны тепсе темір үзетін жігіттер ғана бағындыра алады. Жүлделі орындарға арнайы сыйлықтар қарастырылған.

Бір аптаға жалғасқан Масленица мерекесі де көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Славян халқы осы күндері хош иісті құймақтар пісіріп, үйді-үйге қонаққа барысты, әр күнді шаттықпен өткізді. Орталық алаңда өтіп жатқан шара жұрттың көңілінен шығуда.

– Елімізде көптеген ұлт өкілдері тұрады. Әрбір ұлттың қызықты дәстүрлері бар.
– Алаңда кісі көп. Бәрі демалуға келді. Шара жақсы өтіп жатыр.
– Елімізде тыныштық болсын. Балалар аман болсын. Концерт көңілімнен шығуда.

Масленица – христиандардың қысты шығарып салу мен көктемді қарсы алуға арналған мерекесі. Ендігі кезекте православтар бірнеше күн ауыз бекітеді.

 

Гульден Симбаева