Білім

НЗМ-нің 3 түлегі Қытай елінде білім алады

Қытай, Корея, АҚШ мен БАӘ. Жыл сайын қаламыздағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі түлектерінің 20 пайызы шетелдің үздік университеттеріне оқуға түседі екен. Жалынды жастардың қатары биыл тағы толықпақ. Үстіміздегі жылы Айсана Басағаринова Қытайдағы Гонконг қаласына аттануды жоспарлап отыр. Ол болашағын биотехнология саласымен байланыстырмақ.

АЙСАНА БАСАҒАРИНОВА, химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Мен Гонконг Қытай университетіне түстім. Мамандығым – молекулярды биотехнология. Басында мектепте іріктеуден өттім. Өзім туралы презентация жасадым, мұғалімдерге өзімді таныстырдым. Олар дауыстарын беріп, мені осы университетке жіберді. Кейін онда құжаттарымды, жеткен жетістіктерімді жібердім. Бірнеше апта өткен соң жоғары оқу орнынан жауап келді.

Бәрі оңай көрінгенімен, шын мәнісінде Айсана біраз тер төккен. Ол бұған дейін халықаралық додаларда үздіктер қатарынан көрініпті. Қытайлық мамандар соны ескерген екен. Бұрымдының мақсаты асқақ. Жалынды жас түрлі дерттерді зерттеп, емін тапқысы келеді.

АЙСАНА БАСАҒАРИНОВА, химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Биотехнология – адамдарға жасанды протез жасау немесе кей дәрілерді қажетті органға дәл жеткізу сияқты технологияларды құрумен айналысатын ғылым.

Ал Олжас Құсайынов Гонконг қалалық университетін таңдапты. Физикаға жақын бозбала электроникалық инженерия саласында білім алмақшы.

ОЛЖАС ҚҰСАЙЫНОВ, химия-билогия бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Негізгі мақсатым – Гонконг университетіне түсу. Білім және жағдай бойынша осы университет жақсы болып шықты. Менің досым Гонкогта оқиды. Ол – НЗМ-нің былтырғы түлегі. Онымен жиі сөйлесеміз. Оқу және өмірі жағынан өте қызықты деп мені қызықтырған.

Әр университетте инженерияның оқу базасы бірдей болғанымен, диплом алғаннан кейінгі мүмкіндіктері әр түрлі болады екен. Олжастың айтуынша, Гонконг қалалық университетінде осы жағынан мүмкіндіктер зор.

ОЛЖАС ҚҰСАЙЫНОВ, химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Мен таңдаған университетте оқу аяқтағаннан кейін бірнеше салада жұмыс істей аламын. Бұл жұмыс көптеген системаларды құрастыру, оларды дамытуға жақын.

Нұрсат Керей де Гонконг қалалық университетіне түсіпті. Білім ордасын Назарбаев Зияткерлік мектебінің бұрынғы түлегінің әлеуметтік желісінен көрген ол жан-жақтан ақпарат іздей бастапты. Шекара сыртындағы оқу ұясының академиялық деңгейі дамығанын біліп, сонда оқуды жөн көрген. Таңдаған мамандығы – биоинженерия.

НҰРСАТ КЕРЕЙ, химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Инженерия саласы көптеген ғылымдарды қамтиды. Физика, математика, химия мен биология. Осы салада адамдарды емдеу үшін немесе денсаулығын жақсарту үшін әр түрлі жағдайларды жасайды. Мысалы, жасанды протездер, экзоскелеттер. Гонконг қалалық университетінің профессорымен сұхбат кезінде “Сені көп қызықтыратын биоинженериялық құрал қандай?” деп сұрады. Мен экзоскелет деп жауап бердім. Себебі, экзоскелеттер түрлі салада қолданылады. Ол адамдардың физикалық қабілеттерін атқарады және түрлі мәселелерді шешуге көмектеседі.

Түлектердің 3-еуі де толық грантқа ие болды. Яғни, оқу ақысы мен жүріп-тұруын университет өзі төлейді.

РАУАН ӘБІЛТАЙ, химия-биология бағытындағы НЗМ кәсіби бағдар беру жөніндегі кеңесшісі:

– 5 жылда мектепті 522 түлек бітірді. Соның 90-нан астамы шетелде әлемнің үздік университеттерінде оқып жатыр. 95 пайызы толық грантта, ал 15 пайызы жартылай грантта білім алуда. Үздік ЖОО-ға түсу үшін жастар жоғары нәтижеге ие болуы қажет. Ең алдымен, ағылшын тілінен балдары жоғары болуы керек. Академиялық үлгерімі жоғары болуы керек.

Қоса кетейік, Гонконг қалалық университеті мен Гонконг Қытай университеті QS әлемдік рейтингіне кіреді. QS дегеніміз – әлемдегі үздік оқу орындары лигасының жыл сайынғы рейтингісі.

 

Самал Жунусова