Құқық қорғау органдары

Есірткіге қарсы күрес

Петропавлдық еріктілер нашақорлықпен күресуге ат салысуда. Белсенді жандар полицейлермен бірге 15 есірткі жазбасының көзін жойды. Сондай-ақ, жиналғандар адам көп шоғырланатын жерлерде нашақорлыққа қарсы жадынама таратты.

Әлфараби Мыңбай, қалалық жастар ресурстық орталығының нұсқаушысы:

– Жастар ресурстық орталығының волонтерларымен бірлесе отырып, “Есірткіге қарсы” акциясын бастап жатырмыз. Біздің мақсатымыз – түрлі жазулардың барлығын өшіру және де қала тұрғындарына буклеттер таратып, нашақорлыққа қарсы екенімізді көрсету.

Қоғам дертімен күресуге желі пайдаланушылары да тартылды. Екі адам OLx.kz сервисінде “есірткі салушыларды” жалдау туралы хабарландыруларға сілтеме жіберді. Желі әкімшілігі полициямен келісім бойынша жеңілдетілген тәртіппен заңсыз әрекетті бұғаттады. Биылдыққа облыс полицейлері 31 қауіпті ресурсқа тосқауыл қойды.

Бауыржан Әбділманов, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

– Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлініс қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, есірткі-граффити жазбаны бояу бойынша акция ұйымдастырды. Көптеген тұрғындар бұл туралы білмейді.

Жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 1 келіден астам есірткі тәркіленді. Соның ішінде 650 грамм — синтетикалық түрі.

 

Алтынай Казиканова