Денсаулық сақтау

Туберкулездің алдын алу бойынша айлық басталды

Наурыздың 24-і – Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні. Осыған орай бүгіннен бастап дерттің алдын алу бойынша айлық бастау алды. Яғни, облыс аумағында бірқатар іс-шаралар легі өткізілмек. Әрқайсысын жекелей тізіп шығайық. Келесі айдың 4-і, 11-і және 18-ші жұлдызында облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта ашық есік күндері ұйымдастырылады. Тұрғындар келіп, флюорографиялық тексерістен өте алады және мамандардан кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.

КЕНЖЕГҮЛ ӘРІПОВА, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі:

– 10-наурызда «Рахмет СОО-да біздің орталықтың медициналық қызметкерлері флешмоб өткізеді. Сондай-ақ, сауда орталығының аумағында жылжымалы флюорограф орнатылады. Сол жерге келіп, қала тұрғындары тексеріле алады.

Ендігі кезекте туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай жайында айта кетейік. Қазір 295 адам диспансерлік есепте тұр. Оның 66-сы стационарлық деңгейде емделуде. Бір науқастың жағдайы ауыр. Мамандардың берген ақпаратынша, пациент дәрігер көмегіне кеш жүгінген екен. Биыл балалар арасында дертті жұқтыру көрсеткіші жоғарылап отыр.

КӘЛИМА ЖАБАЕВА, облыстың штаттан тыс фтизиопедиатры:

– Осы жылы 10 бала туберкулезге шалдықты. Оның алтауы – жасөспірім, қалғаны – сәби. Аурудан сақтанудың жалғыз жолы екпе алу екенін еске салғым келеді. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар бұдан бас тартып жатады. Мәселен, облыста 2022 жылы туған 92 нәресте иммундау шарасынан өтпеді. Олардың туберкулезге шалдығу қаупі артуда.

Туберкулезді анықтап, оны емдеу тегін жүргізіледі. Оның үстіне, пациент ауруханадан шыққаннан кейін әрі қарай емін жалғастыру үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бірнеше аудандарда ай сайын қаржы бөлініп отырады.

КЕНЖЕГҮЛ ӘРІПОВА, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі:

– 405 адам әлеуметтік қолдау алды. Оған 31 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. Науқас ауруханадан шыққаннан кейін емханаларда емін жалғастырады. 231 адам емін амбулаторлық жағдайда алуда. 117-сі бейнебақылау арқылы емделеді. Науқастар әрмен қарай жұмысын істеп, оқуларын жалғастыра алады. Олар үшін барлық жағдай жасалған.

Ақ халаттылар адам 2 аптадан артық жөтеліп, кеуде тұсы ауырса, бірден учаскелік дәрігерге жүгінуге кеңес береді.

 

Алтынай Казиканова