Құқық қорғау органдары

Полиция департаментінің бастығы онлайн есеп берді

Елде тіркелген қылмыстың 3 пайызы СҚО-да жасалады.
Негізі, өңірдегі криминогендік жағдай тұрақты, 8 жылды сүзіп қарайтын болса, қылмыс саны төмендеп келеді дейді тәртіп сақшылары. “Ауру қалса да әдет қалмайды” демекші,
қоғам арыла алмай келе жатқан мәселе – маскүнемдік.

Өткен жылы мас күйде жасалған 700-ге жуық қылмыс тіркеліпті, ол бүкіл көлемнің 27 пайызын алады. Кісі өліміне қатысты 29 оқиғаның 26-сы – ішімдік ішудің салдары. Облыс бойынша араққа жақын 3 мыңға жуық адам полиция қызметкерлерінің есебінде тұр. Өткен жылы 200-ден астамы мәжбүрлі емдеуге жіберілген.
Қазіргі уақытта киберқылмыспен күрес мәселесі де өзекті.

Айдын Қабдұлдинов, облыстық ПД бастығы:

– Облыста 2022 жылдың қорытындысы бойынша алаяқтық саны 11,7% артып отыр (869-дан 971 қылмысқа дейін). Жүргізілген талдау интернет-алаяқтықтың басым бөлігі келесі тәсілдермен жасалатынын көрсетті: «банктен қоңырау шалу» арқылы – 291 факті, «OLX» платформасында тауарға тапсырыс беру немесе сату жолымен – 183 факті, займ ресімдеу арқылы – 131 факті.

Өткен жылы алаяқтар облыс тұрғындарынан 537 млн теңгеден астам ақша жымқырған. Алаяқтық істі ашу оңай емес. Өйткені, қылмыскердің өзі шетелде отыруы мүмкін. Тіркелген 4 алаяқтық істің біреуі ғана әшкереленеді екен. Осы ретте полиция қызметкерлері профилактикалық шараларға ден қойып жатыр. Қандай да бір қаржылық операция орындау барысында асықпау қажет дейді және жеке ақпаратты ешкімге бермеу керек.

Өңірде мал ұрлығы азайған, тіпті, 30 пайызға төмендепті.
Қаңғырған мал көп, жолда солардың кенет шығып қалуынан 40-қа жуық жол-көлік оқиғасы болған. Жалпы алғанда жолда болған апат саны 400-ге жуықтайды, 48 адам қаза тауып, 500-ден астамы жарақат алған. Айдын Қабдұлдинов жол қауіпсіздігіне мән беру қажет дейді.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде мемлекет басшысы жүктеген міндеттерге тоқталып өтті.

Айдын Қабдұлдинов, СҚО полиция департаментінің бастығы:

– Қазір еліміз дамудың жаңа кезеңінде тұр. Мемлекет басшысы әділетті Қазақстанды құру бағытына бастамашылық жасады, елімізде барлық негізгі салаларды жаңғырту басталды. Қоғам мен мемлекет арасында ашық және сенімді қарым-қатынас моделі құрылуда. 

Тікелей эфир барысында полиция департаментінің бастығы тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.