Спорт

Петропавлда футзалдан халықаралық турнир өтіп жатыр

Облыс орталығында футзалдан халықаралық турнир бастау алды. // Дода Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжіне ұзақ уақыт жетекшілік еткен Сүйіндік Бегалинді еске алуға арналған. Бүгін өткен ашылу салтанатына Сүйіндік Қазиханұлының жақындары мен достары жиналды.

Түрнирге 8 команда қатысуда. Олар: Қостанай, Щучинск, Ресей Шадринск қаласы мен солтүстікқазақстандық 4 құрама. Щучинск қаласының жоғары педагогикалық колледжінің студенттері бұл дәстүрлі жарысқа алғаш рет қатысып жатыр екен. Команда мүшесі Мәди Мейрамбай “Мықты дайындықпен келдік, жеңістен үміттіміз”,- дейді.

МӘДИ МЕЙРАМБАЙ, турнирге қатысушы, Ақмола облысы:

– Біз осы жарысқа бірінші рет келіп тұрмыз. Алла жазса, жеңімпаз атанамыз деген ойдамыз. Дайыдықтарымыз жақсы, күнде-күнде шынықтырамыз. Барлық командаларға сәттілік тілеймін. Өзім футболмен айналысып жүргеніме 5 жыл болды.

Турнир басталды. Алғашқы болып Қостанай индустриялы-педагогикалық колледжі мен Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенттері сынға түсті. Ойын барысында қос құраманың осал емес екенін байқауға болады. Жастар бір-бірінің қақпасына қайта-қайта шабуыл жасап, гол соғуға тырысып жатыр.

Есепті петропавлдық студенттер ашты. Олар қарсылас командаға қарағанда шапшаңырақ. Әзірге, есеп 4:1.

Ойын ақыры 7 де 3 есебімен аяқталды. Жеңіс Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің еншісінде. Жалпы дәстүрлі дода Қазақстан мен Ресей спортшылары арасындағы спорттық және достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған.

МӘДИ МӘКЕНОВ, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжі командасын жаттықтырушы:

– Бұл – 15-ші мерейлік турнир. Алдыңғы екі жыл республикалық турнир болды. Ал оның алдыңғылары мен биыл халықаралық болып жатыр. Қазір футзал өте жақсы дамып келе жатыр. Және осы турнир елімізде футзалды одан әрі дамыту мақсатында өткізіліп жатыр.

Турнир ертең аяқталмақ. Жүлдегерлерге кубок пен бағалы сыйлықтар табысталатын болады. Сонымен қатар, футзалшылар бірнеше аталым бойынша марапатталады.

 

Самал Жунусова