Мәдениет

М.Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған домбырашылар флешмобы өтті

«Кеңес», «Балбырауын», «Көрғұлы». Барлығы – 10-ға тарта күй. Қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінде Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған домбырашылар флешмобы ұйымдастырылды. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жастар – Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары. 8-сыныпта оқитын Ханбол Біржан 6 жасынан бері домбыраның құлағында ойнайды. Мұндай қызығушылықтың пайда болуына атасы септігін тигізген екен.

ХАНБОЛ БІРЖАН, химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Бірінші сыныпта «Еркем-айды» ойнап үйрендім. Осындай флешмобқа алғаш рет қатысудамын. Бұрын тек конкурстарға қатысқам. Қалалықта 1-ші, республикада 3-ші орын иелендім.

Бүгінгі домбырашылар фестивалі қала тұрғындары үшін таңсық емес. Зияткерлік мектептің оқушылары жыл сайын өнерлерін паш етіп отырады. Негізгі мақсат – қазақтың домбырасын қоғам арасында дәріптеп, күй өнерін дамыту.

СӘУЛЕТ МҰҚАНОВА, химия-биология бағытындағы НЗМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Назарбаев Зияткерлік мектебінде тәрбие жүйесінде бірнеше жобалар бар. Соның бірі – “100 күй” жобасы. Осының негізінде мектебімізге қабылданған 7-сынып оқушыларының барлығы қазақтың домбырасын өздеріне серік етеді. Флешмобқа негізгі ансамбльдің мүшелері 70-ке жуық оқушы қатысып отыр.

Іс-шарада күйден бөлек, әсем ән шырқалып, ұлттық би де биленді.

Алтынай Казиканова