Қоғам

Тайыншалықтарды қандай мәселелер толғандырады?

Агроөнерәсіптік кешенді дамытып, ауылдағы ағайынның тұрмысын жақсарту. Бұл – облыстан бір мандатты округтер бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер Еркебұлан Мамбетовтың басты мақсаттарының бірі. Бүгін азамат Тайынша қаласына барып, тұрғындарды өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Елді мекеннің өзекті проблемаларын жақсы білетін аграрий өңірді газдандыру мәселесінің маңызды екенін айтты.

ЕРКЕБҰЛАН МАМБЕТОВ, Мәжіліс депутаттығына үміткер:

– Өңірде газбен қамту мәселесін шешу керек. Жастарға қажетті жағдайдың барлығын жасасақ, қыз-жігіттеріміз өзге жаққа кетпейді.

Мектептен кейін Еркебұлан Мамбетов Тайыншадағы ұн тарту комбинатына барды. Мұнда да қызметкерлермен жүздесіп, жас мамандарға көрсетілетін қолдау жайлы айтты. Қолдау демекші, тайыншалық қыз-жігіттерге расымен көңіл бөлу қажет сыңайлы. Әсіресе, жұмыс пен тұрғын үй мәселесі өткір тұр.

ҚАНАТ КАМАЛИЕВ, «Шахирис» ЖШС ұн тарту комбинатының қызметкері, Тайынша ауданы:

– Жастардың жұмысқа орналасқанын қалаймын. Оқуларын бітіріп келеді. Бірақ, жұмыс жоқ. Барлығы стаж сұрайды, онсыз алмайды. Сосын қалаға барып жұмыс істейді. Киров ауылында бірнеше жыл бойы жолды істей алмай жүр. Соны қарастырса, жақсы болар еді.

Ұн тарту комбинатында да мәселе жоқ емес. Жыл сайын вагондар бойынша проблемамен бетпе-бет келеді екен. Көліктің уақытылы келмеуінен өнімді діттеген жерге жеткізе алмайтын көрінеді.

ВИТАЛИЙ КРАЕВСКИЙ, «Шахирис» ЖШС ұн тарту комбинатының директоры, Тайынша ауданы:

– Тауарды Өзбекстан, Ауғанстан елдеріне экспорттаймыз. Шымкент қаласына да жібереміз. Жалпы, кәсіпорында 35 адам қызмет етеді. Жұмыстың негізі автоматтандырылған. Өзіміздің наубайханамыз бар екенін де айта кетейін. Жұмысқа тұру үшін жас отбасылар келіп жатады. Әлеуметтік баспана жетпейді.

Виталий Краевскийді де жол мәселесі алаңдатады. Аудан бойынша нан таратумен айналысқандықтан, кейбір елді мекендерге кіру қиынның қиыны дейді.

 

Алтынай Казиканова