ТКШ

СҚО-ны газдандыру бойынша 1 мамырға дейін түпкілікті шешім қабылданады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Газ қазақстандықтардың барлығына қашан қолжетімді болады? Бұл сұрақтың қойылып жүргеніне біраз болды. Мәселе кешегі Үкімет отырысында тағы бір мәрте қаралды. Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында Энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады. Оның сөзінше, былтыр елді газдандырудың деңгейі жалпы халық санының 59%-ын құраған. Бұл – 11,6 млн адам. Тілге тиек етілген көрсеткіш үстіміздегі жылы қолға алынатын жобалардың есебінен біршама артпақ.

БОЛАТ АҚШОЛАҚОВ, ҚР Энергетика министрі:

– Биыл 76 жобаны іске асыруға 73,9 млрд теңге қарастырылған, бұл 160 мың тұрғыны бар 55 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың соңында ел бойынша газбен жабдықтау 60% деңгейінде болады деп күтілуде.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Әрине, бұл сандар көңілден шығады. Бірақ, іс баяу жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Жиында еліміздің Премьер-Министрі нақты мысалдарды жіпке тізді. Соның біріне тоқтала кетейік. Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласынан небәрі 5 шақырым жерде орналасқан Зеленое ауылына осыдан 9 жыл бұрын көгілдір отын жетіпті. Алайда, газ құбырына осы күнге дейін әкімшілік ғимараттар ғана қосылған екен.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Ауылдық елді мекендерден басқа, қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де “көк түтінге көміліп”, ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Осындайда “Солтүстік Қазақстан облысына көгілдір отын қашан жетеді?” деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе бойынша ел билігі біраздан бері жұмыс жүргізіп жатыр. Үкіметте аққайыңдар өлкесін “Сарыарқа” магистральдық газ құбырына қосу немесе өңірге ресейлік өнімді импорттау сынды 2 нұсқа бар. Соның бірін таңдау қажет.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселесіне нүкте қоятын уақыт жетті. Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, қарастырып отырған нұсқалар бойынша 1 мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауы қажет.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Демек, жазға таман шешім қабылданып, маңызды шаруа басталуы тиіс. Жиын соңында Әлихан Смайылов газ инфрақұрылымының әбден тозғанын да айтып, Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктері, әкімдер мен «QazaqGaz» өкілдеріне бақылау, жаңғырту және уақытылы жөндеу жұмыстарын күшейтуді жүктеді.

 

Байболат Култанов