Спорт

Петропавлда кикбоксингтен “Солтүстік Қазақстан кубогы” турнирі өтіп жатыр

Дүбірлі дода еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 200-ге жуық спортшының басын біріктірді. Облыс орталығында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай кикбоксингтен “Солтүстік Қазақстан кубогы” республикалық турнирі өтіп жатыр.

15 жастан асқан спортшылар 21 салмақ дәрежесі бойынша бақтарын сынауда. Зал лық толы. Спортсүйер қауым
балаларды барынша демеп жатыр. Бұл турнирге биік белестерді бағындырып жүрген спортшылар да қатысуда.

Шаршы алаңда 57 салмақ дәрежесі бойынша семейлік және Ғ.Мүсірепов ауданының спортшысы жұдырықтасуда. Қос кикбоксшы бір-біріне лайықты тойтарыс беруде. Екеуі де осал емес. Семейлік бозбаланың жұдырығы қарсыласына дәл тиіп жатыр.

АРЫСТАН АРҚАЛЫҚОВ, турнирге қатысушы, Семей қаласы:

– Мен қарсыласымды техника жағынан ұттым. Аяқпен көп жұмыс істедім. Денесіне қаттырақ соққы жасауға тырыстым. Не дегенмен, қарсыласым мықты екен. Оны жеңу оңай болған жоқ.

Сайыс 3 күнге жалғасады. Турнирдің бас төрешісі Сабыржан Сақтағановтың айтуынша, қазіргі таңда кикбоксинг спорты жастар арасында кеңінен таралуда.

САБЫРЖАН САҚТАҒАНОВ, турнирдің бас төрешісі:

– Елімізде кикбоксинг жылдан-жылға дамып келеді. Жеткіншектердің осы спортқа деген қызығушылығы зор. Жыл сайын жарыстар ұйымдастырып тұрамыз.

Дода соңында жеңіпаздарға кубок пен арнайы сыйлықтар табыс етіледі.

 

Гульден Симбаева