Спорт

Өңір каратешілері халықаралық турнирде жүлделі орын иеленді

Каратешілер халықаралық жарыста өңір намысын абыроймен қорғады. Ақпанның 18-і мен 19-ы күндері Ресейдің Кемерово қаласында «Азия балалары-2023» турнирі өтті. Дүбірлі дода 600-ге жуық баланың басын біріктірді. Бәсі биік бәсекеде барлығы – 18 солтүстікқазақстандық бақ сынады.

Жүлдеге іліккендердің бірі – Алина Сейтенова. Турнирде жас спортшы 35 салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Додада 3 жылдық тәжірибесі бар каратешіге қарсы тұрар қарсылас болмаған. Ол жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді.

АЛИНА СЕЙТЕНОВА, «БЭСТ» гимназиясының оқушысы:

– Сайыста мен жақсы өнер көрсеттім. Жарыста, әрине, қобалжу болды. Бірақ, өз қорқынышымды жеңдім. Қарсыластарым осал болмады. Бәрінің жақсы дайындықпен келгендерін кездесулер барысында аңғардым. Мен бұл турнирге біраз уақыт дайындалдым.

Солтүстікқазақстандық саңлақтар өңір қоржынын 14 медальмен толықтырған.

ЕВГЕНИЙ ДУЛОВ, кекушинкай каратеден облыс құрамасының аға бапкері:

– Спортшыларымызға бұйырғаны – 7 алтын, 5 күміс және 2 қола. Жалпы ұпаймен біздің команда 3-ші орынды еншіледі. Айта кету қажет, турнирге Қазақстаннан біздің облыс пен Алматы қаласының спортшылары ғана қатысты.

Қазіргі таңда облыс бойынша 2 мыңнан астам адам кекушинкай каратемен айналысады. Соңғы жылдары бұл спорт түріне бұрымдылар көптеп қызығушылық танытады. Нәзікжандылардың дені белестерді мақсат етпей, каратемен қорғаныс мақсатында айналысады екен.

 

Гульден Симбаева