ТКШ

Облыста көпқабатты баспаналардың тек 40 пайызы ғана орталық жылу жүйесіне қосылған

Өткен жылы облыста орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген ауылдардың саны 400-ден асқан. Енді 220 елді мекен қалып отыр. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шиловтың айтуынша, Тайынша мен Шал ақында мәселе өткір тұр.

ПАВЕЛ ШИЛОВ, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Биыл сумен жабдықтауға 10 млрд теңге қарастырылған. Жұмыстар 16 мыңға жуық адам тұратын 22 елді мекенде атқарылмақ. Жобаларды іске асыру аясында шамамен 250 шақырым желі жаңартылады. 6 жаңа жобаның 4-еуі бойынша мердігер ұйымдармен келісім жасалды.

Осыдан кейін көпқабатты үйлерді жөндеу мәселесі қозғалды. Бүгінде облыста 2 мыңға жуық көппәтерлі баспана бар. Соның 1100-і Петропавлда орналасқан. Дені әбден тозған.

ПАВЕЛ ШИЛОВ, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 2011 жылдан бері ескі үйлерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, 2021 мен 2022 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 40-қа жуық баспана күрделі жөндеу көрді. Оған 2 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Қазіргі уақытта өңірде 300-ге жуық үй күрделі қалыпқа келтіруді қажет етеді.

Тағы бір өзекті мәселе – жылумен жабдықтау. Облыс аудандарында 690 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның тек 40 пайызы орталықтан жылытылады. Павел Шиловтың айтуынша, болашақта бұл көрсеткіш елді мекендердегі жөндеу жұмысы есебінен артады.

ПАВЕЛ ШИЛОВ, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 2019 жылдан бері 100-ден астам көппәтерлі үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілді. Биыл жұмыстар жалғасатын болады. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр 4 жоба іске асырылды. Жалпы сомасы 860 млн теңгені құрайды.

Нәтижесінде шамамен 45 көпқабатты баспана және бірқатар әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етілді. Биыл облыста тағы 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Солардың есебінен 72 көпқабатты тұрғын үй, 460 жеке үй мен 25 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілмек.

 

Самал Жунусова