Қоғам

Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі өзгерді

Мемлекеттік қызметке жастарды тарту ісі қарқынды жүргізілуде. Мәселен, қазір өңірімізде “Мемлекеттік қызметші мектебі” жобасы жұмыс істейді. Былтыр бұл бастамаға 100-ден астам студент қатысыпты. Нәтиже бар. Жастардың 30 пайызы оқуларын тәмамдаған соң мемлекеттік қызметке орналасқан. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингіде айтылды. Бейінді департамент басшысы Елена Степаненконың айтуынша, биыл мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі өзгерді.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– GPA көрсеткіші жоғары жастар төменгі лауазымдық мемлекеттік қызметке конкурсыз қабылдана алады. Яғни, бұл жоғары оқу орындар мен колледждерде мемлекет есебінен білім алып жүрген жастарға қатысты. Егер оқу үлгерімінің орташа балы жоғары болса, қыз-жігіттер аудандар мен ауылдарда төменгі лауазымдық қызметке конкурстық іріктеусіз қабылданатын болады.

Жиында мемлекеттік қызметшілерді жыл сайынғы бағалау жұмысы туралы да айтылды. Бұл шаралар олардың жұмыс тиімділігі мен сапасын айқындау үшін жүргізіледі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті басқармасының басшысы Гүлнәр Жусалинаның айтуынша, биыл мамандарды бағалау тәсілдері де өзгертіліпті.

ГҮЛНӘР ЖУСАЛИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Бұрын нысаналы мақсатты индикаторлар барлық мемлекеттік қызметшілерге белгіленетін болса, биылғы жылы тек мемлекеттік органдар және құрылымдық бөлімше басшылары үшін көзделген. Бағалау тоқсан сайын жүргізіледі.

Өткен жылы мемлекеттік органдарда 14 тексеріс жүргізілген. Оның 10-ы – профилактикалық бақылау. Нәтижесінде 200-ден астам бұзушылық анықталды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 48%-ға кем.

 

Самал Жунусова