Қоғам

Көктайғақтың салдары

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Таңнан көктайғақ бәрімізді әбігерге салды. Қала көшелерінде аяқты алшаң басып жүру мүмкін емес. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қоғамдық көліктер де бүгін жолға кеш шықты. Салдарынан такси жүргізушілері қызмет құнын күрт көтеріп жіберген. Ал аялдамада қоғамдық көлікті күткендер жұмысына кешікті.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

– Дәл қазіргі таңда қалада 50-ден астам техника жұмыс істеп жатыр. Көшелер мен тротуарларға құм-тұз қоспасы себілуде. Аялдамалардың маңына реагент себіліп жатыр. Бұл мұзды тез ерітуге көмегін береді. Дәл қазіргі таңда 90 автобус жұмысын жалғастыруда.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Бұл күні діттеген жерге аман-сау жету де қуаныш. Тұрғындардың кейбірі құлап, жарақат алуда. Сағат күндізгі 1-дегі жағдай бойынша жарақат зардабын емдеу пунктіне 34 адам жүгінген. Оның 5-еуі бірден ауруханаға жатқызылды.

ЕКАТЕРИНА БЕЛОУСОВА, қалалық көпбейінді жедел жәрдем ауруханасының баспасөз хатшысы:

– Көбінесе тұрғындар қол-аяқтарын сындырып алған. Сондай-ақ, кеуде тұсы мен басқа да дене мүшелері жарақаттанған жерлестеріміз бар. Дәрігерлердің жүктемесі артты. Жалпы, кеше ақхалаттылардың көмегіне 32 солтүстікқазақстандық жүгінді.

Көктайғақ деп жерлестеріміз қозғалыссыз, үйде отырған жоқ. Дегенмен, далаға шыққандарында үрей де жоқ емес.

– Әрең келе жатырмын. Жол жаман.
– Биыл Петропавлдың қысы жылы болды. Көктем де ерте келіп жатыр. Жаңбыр жауып, көктайғақ болуда. Ешкімді кінәлай алмаймыз.
– Коммуналдық қызметкерлерге сенім артамыз. Әрине, жүру қиын.

Қолайсыз ауа райы мектептерге де әсерін тигізді. Бүгін қаладағы 70-тен астам білім беру мекемесінде сабақ қашықтықтан оқытылуда. Сондай-ақ, Айыртау, Аққайың, Қызылжар мен Мамлют аудандарындағы оқушылардың дені әзірге үйлерінде отыр.

 

Алдияр Айтпаев