ҚоғамСайлау

Сайлауды ұйымдастыру және өткізу

Наурыздың 19-шы жұлдызына белгіленген Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын ұйымдастыру және өткізу. Маңызды мәселе облыстық кітапхана қабырғасында сөз болды. Көшпелі семинар-кеңеске Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров қатысты. Ол саяси іс-шараның тарихына тоқталып, алдағы науқанның ерекшелігін баян етті.

КОНСТАНТИН ПЕТРОВ, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

– Бұл науқан тарихымызда алғаш рет аралас жүйе бойынша өтіп жатыр. Мұнда біз партиялардың бәсекелестігі негізінде депутаттардың бір бөлігін және мажоритарлық кандидаттардың бәсекелестігі негізінде депутаттардың екінші бөлігін сайлаймыз. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері барлық өңірді аралап, көшпелі семинар-кеңес өткізбек. Сапарымызды Солтүстік Қазақстан облысынан бастап отырмыз.

Қазір саяси додаға түсетін кандидаттардың барлығы тіркелді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

САҒЫНДЫҚ СӘБИТҰЛЫ, СҚО сайлау комиссиясының мүшесі:

– СҚО-дан ҚР Парламенті Мәжілісіне 13 кандидат тіркелді. Ал облыстық және қалалық мәслихаттарға 53 кандидаттан тіркелді. Аудандар бойынша 450 кандидат тіркелді.

Ұсынылған дерекке көз жүгіртсек, облыстық мәслихатқа үміткерлер арасында бәсекелестік жоғары. Мұнда бір орынға 6 адам таласады. Аққайыңдар өлкесіндегі ең жас кандидат 2000 жылы туған. Ал ең үлкені 76 жаста.

 

Байболат Култанов