МТРА жаңалықтары

Бизнесті бастауға берілетін грантты қалай алуға болады?

Бизнес бастау үшін не керек? Әуелі идея. Сол идеяны жүзеге асыру үшін қаржы қажет. Заңды білу керек, ал қаржыны ысырап қылмай, тиімді жарату үшін бухгалтердің көмегі қажет. Маркетинг те артық болмайды. Кәсіп бастағысы кеп жүрген іскер азаматтар қолдауды кәсіпкерлер палатасынан табады. Мұнда мамандандырылған 4 сервистік қызмет көрсетіледі. Барлығы тегін. Бухгалтерлік есеп, заң, маркетинг пен қаржыландыру жөнінен 4 білікті маман консультация береді.

ӘСЕЛ САМАРАТОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Қазіргі уақытта өзекті сұрақ – бұл грант алу. Грантты қалай алуға болады? Қандай құжаттар керек? Қандай талаптар қойылған? Адамдар осындай сұрақтармен бізге жүгінеді. Бизнес-жобаны қалай жазу керектігін сұрайды. Мысалы, мүгедек баланы асырап отырған нәзікжанды бизнес-жобаны қалай құрастыру керек деген сұрақпен жүгінді. Біздің маркетолог-кеңесшіміз оған жобасын жазуға көмектесіп, түсіндірді.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында азаматтар гранттық қаржыға ие бола алады. Кәсіп бастағанына 3 жыл толмаған азаматтар мен жұмыссыздарға бір іс ашу үшін 1 млн 380 мың теңгеге дейін беріледі. Инновациялық жоба ұсынғандарға бөлінетін қаржы қомақтырақ. Яғни, 5 млн теңгеге дейін беріледі. Мамандардың айтуынша, гранттың дәл осы түріне жыл сайын шамамен 7 адам ие болады.

ӘСЕЛ САМАРАТОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Жалпы алғанда осы қызметтер өз бизнесін жаңадан бастаған адамдарға, кәсіпкерлік бастамасы бар адамдарға арналған. Жыл басынан 200-ден астам алғанда 700 қызмет көрсетілді. Барлығы тегін көрсетіледі. Оларды онлайн және оффлайн форматта алуға болады.

Гранттық қаржыландыру аясында өңір кәсіпкерлеріне өткен жылы 2 млрд теңгенің қаржылай қолдауы көрсетілген.

 

Самал Жунусова