БалаларҚоғам

Антикордың араласуымен Петропавл көшелеріне қиыршық тас төселмейтін болды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Солтүстік Қазақстан облысында жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жойылмай тұр. Бюджеттің қаржысын жымқыру, мемлекеттік мүлікті пайдалану, пара беру мен пара алу бар. Қылмыстар осылай жалғаса береді. Екі жеп, биге шығуды көздеген тұлғалардың заңсыз әрекетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшылығынан Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде естідік.

Жемқорлық жайлаған сала – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің қалалық әкімдікті мысалға алайық. Мұнда мыңнан аса жалдамалы пәтер жылдап кезекте тұрған, біреудің босағасын паналаған жандарға емес, бөгде адамдарға беріліпті. Жаға ұстатар жайтқа бұрынғы “пысықай” қызметкерлердің қатысы бар көрінеді.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Былтыр жұмыс істеген адамдар биыл жұмыс істемейді. Осы себептен мың жарымға жуық пәтердің құжаттары жоқ. Мұны басшылық білмейді. Біз өз кезегімізде тексеріс жүргіздік. Сонда пәтерлерде келісімшарт жасалмаған немесе мүлде бөтен адамдардың тұратыны анықталды.

Тексеріс жалғасады. Соның қорытындысы бойынша ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен пәтер кілттері кезектегі адамдарға берілмек. Келесі мәселе – көшелерге қиыршық тастың төселуі. Шаруа айтарлықтай құжатты, тексерісті талап етпейді. Оның үстіне төсеген әлгі дүние көктем-күзде, нөсер жаңбырда басылады. Бірнеше айда жермен-жексен болуы да мүмкін. Біреулер үшін бұл тиімді. Олар мемлекеттен миллиондап қаржы алып, үйреншікті істеріне көшеді. Статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылда қалалық әкімдік жолдарға тас төсеуге бақандай 5 млрд теңгедей жұмсапты. Мұның алдын алу үшін Антикор жергілікті билікке ұсыныс білдірген.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Бұлардың бәрі ұрланды деп айта алаймыз. Біздің ұсынысымыздан кейін жолдарға тек қиыршық тас емес, асфальт төселетін болды. Биылға 4 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді. Петропавл қаласында асфальт салынатын болады.

Ауыл шаруашылығы, мемлекеттік сатып алу, тариф қалыптастыру, кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Аталғандардың барлығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары. Оларды болдырмау үшін бейінді департамент жауапты органдарға бірқатар ұсыныс жолдапты. Нәтижесінде мемлекетке түсетін салмақ жеңілдеген, іскер адамдарға жол ашылған. Брифинг барысында журналистер белсенділік танытты. Қойылған сауалдардың бірі пара алу күдігіне ілінген қалалық мәдениет үйінің директорына қатысты болды. Жақында осы салаға жауапты бөлім басшысы жұмыстан кеткен. Екі жайтың бір-біріне қатысы бар ма?

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Бүгінгі күні ол кісі қамауға алынған. Тергеу жүріп жатыр. Ал бөлім басшысының жұмыстан шығуына бұл қылмыстық істің қатысы жоқ.

Жүздесуде спикерлерге тағы алдағы сайлауға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты сұрақтар қойылды.

 

Байболат Култанов