Құқық қорғау органдары

Жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктерін өткізбегендер жауапкершілікке тартылады

Біреу білсе, біреу білмейді немесе біле тұра жол бермейді.
Қиқулатып келе жатқан өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көлігін өткізіп жіберу керек. Негізі, петропавлдықтардың көпшілігі бұл тәртіпке түсініспеншілікпен қарайды дейді тәртіп сақшылары. Бірақ, жалқаулық немесе немқұрайлылық танытатындар да баршылық. Өткен жылы мамандар осындай үш адамды ұстаған. Үшеуіне де Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 598-ші бабы бойынша хаттама толтырылыпты. Аталған бапқа сәйкес 7 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу қарастырылған. Заңға қайшы әрекет бір жылдың көлемінде қайталанса, айыппұл 2 еселенеді.

Айдос Молдахметов, облыстық жедел медициналық көмек орталығының жүргізушісі:

– Вызовтар жиі болып тұрады. Күніне 10-15-20 рет. Әр кезде әр түрлі. Жүргізушілердің көбі жол береді. Біреуі біледі, біреуі білмейді. Маячоктармен келе жатқанда өткізбейді. Пик уақыты, обед уақыты. Кешкі 6 мен 8-дердің арасы. Сол кездерде машина көп кезде өткізбейді, түсінбейді. 

Өмірсерік Оразғали, қалалық ПБ ППБ қызметінің аға инспекторы:

– Арнайы жарық және дыбыс сигналдары іске қосылған жедел және арнайы қызметтердің көлік құралдары келе жатқан жағдайда жүргізушілер оларға жол беруі керек. Егер жол бермеген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 598-бабының 1-ші бөлігі бойынша 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 

Жыл басынан бері облыс жолдарында жолда жүру ережесін бұзуға қатысты 4300 факті тіркелген. Оның 530-ы – жылдамдықты асыру, 400-ден астамында тұрғындар қауіпсіздік белдігін тақпаған және жаяу жүргіншілер тарапынан кеткен олқылық та бар.