Білім

Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған жан

Мәртебесі биік мұғалім. Айгүл Сарбасова – Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінің ұлағатты ұстазы. Мұнда нәзікжандыны ұжым да, оқушылар да құрметтейді. Оның білім беру саласында тер төгіп жүргеніне 38 жылдан асып отыр.

АЙГҮЛ САРБАСОВА, Бостандық орта мектебінің мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Еңбек жолымды 1984-ші жылы Қызылжар ауданы, Трудовое ауылында бастадым. 4 жыл сол ауылда мұғалім болдым. 90-шы жылы Бостандық ауылына келін болып түстім. 10 жыл оқу ісінің меңгерушісі болдым. 2003-ші жылы мектеп директоры ретінде еңбек еттім.

Ерең еңбектің жемісі көл-көсір. Айгүл Сарбасова – Мамлют ауданының Құрметті азаматшасы, Білім және ғылым министрлігінен жолданған Құрмет грамотасының және Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері. Ұлағаттың ұстаздың еңбек жолына Гүлжан Мәнтаева куә. Қос нәзікжанды әрі әріптес, әрі құрбы. Жұмыс өтілдері де шамалас.

ГҮЛЖАН МӘНТАЕВА, Бостандық орта мектебінің кітапханашысы, Мамлют ауданы:

– Айгүл ханымның мінезіне тоқталар болсам, көпшіл, жанашыр. Қара бастың қамын ғана ойламайды. Жұмыс десе үйін де ұмытады. Қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Мектептегі әріптестерінің әрбіріне көмек береді. Биіктен көрінсе екен деп жанын салады.

Орыс тілі пәні мұғалімі Айгүл Сарбасова артынан ерген шәкірттерінің көптігімен де мақтанады. Қазіргі таңда ұстаз жолын қуған 30-дан астам түлек еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Соның бірі – Санжар Сабыр. Осыдан бірер жыл бұрын жалынды жас өзі түлеп ұшқан Бостандық орта мектебіне орналасыпты.

САНЖАР САБЫР, Бостандық орта мектебінің мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Мұғалім болып келген кезде ең үлкен қолдау осы Айгүл Сарбасовадан болды. Мұғалімдерге де, оқушыларға да талап қоя біледі. Осы арқылы тәрбиелеп жатқан шәкірттері биік белестерді бағындырып жүр. Мектебіміз де ел бойынша үздіктер қатарында.

Мектеп қабырғасында оқушылармен де тілдестік. Олар Айгүл Сарбасованың кәсіби шеберлігін жоғары бағалайды.

– Айгүл тәте мотивацияны жақсы береді. Сабақты өте жақсы өткізеді. Бәрін жүйелі түрде айтады. Әр оқушысына өз баласындай қарайды. Болашағы үшін әркез алаңдап отырады.

“Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы” демекші, жыл сайын Бостандық орта мектебінің түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары ұпай жинайды.

 

Алдияр Айтпаев