Денсаулық сақтау

Рецепт бойынша тегін дәрі-дәрмек тарату басталды

3-ші қалалық емханаға күніне 700-ден астам адам келіп, керекті препараттарын алуда. Мұндағы мамандардың сөзінше, бастапқы уақытта ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Өйткені, биыл емдік заттар сәл кешіктіріліп беріліп жатыр. Дегенмен, бүгіндері жағдай дұрысталғандай, кісі саны азайыпты. Айта кетсек, дәріге қол жеткізу үшін талон алып, арнайы экранда көрсетілген нөмір бойынша дәріханаға кіреді.

АЛТЫН-САРА ҚАРАБАЛИНА, №3 қалалық емхана директорының емдеу жұмысы бойынша орынбасары:

– Бойындағы белгілі бір ауруы бойынша диспансЕрлік есепте тұрған және біздің емханаға тіркелген жандар осы дәріханадан тегін препарат алып отырады. Диагноздар әр түрлі. Негізінен, дәрі-дәрмек артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабетіне шалдыққандарға беріледі. Егде жастағы тұрғындармен қатар, жұмыс істейтін жастар да есепте тұр.

73 жастағы Хадиша Рысбаеваның есепте тұрғанына бірнеше жыл болған. Зейнеткерді жүрегі мен қан қысымы мазалайды. Сол үшін бүгін осында дертінің емін іздеп келіп отыр. Айтуына қарағанда, алған дәрісі 1 немесе 3 айға дейін жетеді. Әрине, барлығы дәрігердің жазған көрсетілімі бойынша жүргізіледі.

ХАДИША РЫСБАЕВА, қала тұрғыны:

– Уақытында береді, бәрі жақсы. Берген дәрілерімен ептеп жүріп жатырмыз. Ақхалаттыларға рахмет.

Тағы бір қала тұрғыны отадан кейін тегін дәрі қабылдайтын болған. Бір келгенде 6 аталым бойынша препарат алады.

– Кезек жоқ. Дәрі-дәрмекті ұзақ күтпей ала қоямын. Көп болса 10 минут отырған шығармын. Өте ыңғайлы, жақсы істеген. Препараттармен қамтамасыз етіп жүргендеріне біраз жыл болды.

Емханадағы дәріханада 2 фармацевт жұмыс істейді. Қызметкерлер келушілердің құжаттарын тексеріп, қандай медициналық өнім қажеттігін қарайды. Кезекті болдырмай, уақытылы дәрі-дәрмекпен қамту үшін филиалда тағы бір маман бекітілген.

АЛТЫН-САРА ҚАРАБАЛИНА, №3 қалалық емхана директорының орынбасары:

– Пациентке диагноз қойылып, тегін дәрі-дәрмек беру қажеттігі анықталады. Одан кейін, тұрғындар учаскеге келіп, диспансЕрлік есепке тұрулары қажет. Осылайша, керектісін ала алады.

Денсаулығына байланысты дәріханаға келе алмайтын адамдардың үйіне учаскелік қызмет өкілдері барып, препараттарды жеткізіп отырады.

 

Алтынай Казиканова