Қоғам

Петропавлда 1600-ден астам жасөспірім әскери есепке қойылады

Петропавлда жасөспірімдерді тұрғылықты жері бойынша әскери есепке қою жұмыстары жүргізілуде.

Ерхат Мағауия – бүгін тізімге алынған жастың бірі. Ол қазіргі таңда Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінде оқиды. Студент қолына диломын алған соң әскерге аттанып, Отан алдындағы парызын өтегісі, әке жолын қуғысы келеді.

ЕРХАТ МАҒАУИЯ, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті:

– Әскерге барғым келеді. Танкист болуды армандап жүрмін. Елді қорғау – менің міндетім. Әскер жайлы әкем айтып отырады. Ол кісі 2 жыл қызмет еткен.

Әскери есепке қоярда студенттер мен мектеп оқушыларын дәрігерлер жіті қарайды. Жайдан-жай құжатқа қол қойылып, мөр басылмайды. Мысалы, психиатр-наркологтың қабылдауындағы болашақ сарбаз маманның сұрақтарына дәл және сенімді түрде жауап беруі тиіс.

Кей кезде мұндағы дәрігерлер жасөспірімнің қолына дайын құжат емес, қосымша тексеріске жолдама береді.

ГҮЛАЙЫМ ИСМАҒАМБЕТОВА, №1 қалалық емхананың тіс дәрігері:

– 16 жастағы балалар осында тексеріледі. 18 жасқа дейін емделсін деген ниетпен біз оларды емханаға жібереміз. Аурудан айығып келіп жатқандар көп.

“Жалпылай алғанда жастардың денсаулығы жақсы, әскерге баруға құлшыныстары зор”,- дейді дәрігерлер. Жасөспірімдерді есепке қою науқаны наурыздың соңында аяқталады.

БАУЫРЖАН ЕСЕНЕЕВ, қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы:

Жоспар бойынша 1612 адам әскери тіркеуден өтуі керек. Қазіргі таңда 1100 адам өтті. Қазір зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көктемгі әскерге шақыру науқаны 1-ші наурызда басталады.

Қоса кетейік, алдағы көктемде Петропавлдан Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін 180-ге жуық жігіт аттануы тиіс.

 

Байболат Култанов