СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Сенатта өткен парламенттік тыңдауға қатысты

Облыс әкімі Сенатта өткен парламенттік тыңдауға қатысты.
Айдарбек Сапаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2023 жылға арналған жоспар жайында баян етті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының даму қарқынына тоқталып, солтүстік өңірдің республиканы азық-түлікпен қамтамасыз етудегі жоғары әлеуеті мен ауыл шаруашылығы өндірісінде жетекші орында екенін атап өтті.

Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі: 

– Өңірлік саясат елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының аумақтық факторларын тиімді пайдалануға бағытталған жалпы мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып табылады. Мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында өңір экономикасы тұрақты дамып келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,7%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында – 12,2%-ға, өнеркәсіпте – 4%-ға, инвестицияларда – 3,6%-ға, құрылыс жұмыстарында 10,8%-ға өсім қамтамасыз етілді. 

Парламенттік тыңдау барысында Айдарбек Сапаров өңірдегі өзекті мәселелерді де көтерді. Олардың бірі – жол мәселесі. Облыстағы жол желісі ұзындығы бойынша республика екінші орында. Ағымдағы жылы жөндеу жұмыстары облыстық деңгейдегі 480 шақырым және елді мекен ішіндегі 60 шақырым жолды қамтиды.

Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Экономикалық дамудың оң қарқынына қарамастан инфрақұрылымды дамытуда орталық мемлекеттік органдардың қолдауымен шешілуі мүмкін бірқатар проблемалық мәселелер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын 2026 жылға қарай 95%-ға дейін жақсарту үшін республикалық бюджеттен жыл сайын шамамен 40 млрд теңге бөліп қолдауды сұраймыз. Өңір экономикасының дамуын тежейтін факторлардың бірі – газдың жоқтығы. Әлеуетті инвесторлар өз жобаларын жүзеге асыруға дайын емес. Қолайлы нұсқа – аймақты «Сарыарқа» газ құбырынан қосу. Мәселені шешу халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік бередi. 

Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету бойынша 2023 жылға 10 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа 16 мың адам тұратын 22 ауылға 250 шақырым су құбыры тартылмақшы. Сонымен қатар, өңір басшысы топтық су құбырларын жеделдетіп іске қосу мәселесіне де аса мән берді.

Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тарату желілерінің жобаларына орталық деңгейде қолдау көрсетіледі. Бұл ретте облысты сумен қамтамасыз ету Экология және табиғи ресурстар министрлігінің топтық су құбырлары жобаларын жүзеге асыруына айтарлықтай тәуелді. Біз жұмысты жеделдетуіміз керек. Бұл Преснов және Соколов топтық су құбырларын қайта құру жұмыстарының аяқталуы. Булаев және Есіл топтық су құбырларын қайта жаңарту жобаларын түзетуді жеделдету. Сондай-ақ, Көкшетау топтық су құбырын іске асырудың басталуы. Нәтижесінде 50 мыңнан астам адам тұратын 89 ауылға су тартылады.

Аймақ басшысы медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыру мәселесіне де тоқталды. Ол үшін Петропавл қаласында көпсалалы облыстық аурухана құрылысын жалғастыру қажет екендігі айтылды.

Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрылыс 2022 жылдан бері тоқтап тұр. Жеке серіктестік 10 млрд теңгеге құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп, ғимаратты 54 пайызға көтерді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жеке серіктеспен бірлесіп, жобалық құжаттаманы рәсімдеуді жеделдетіп, құрылыс жұмыстарын бастауға өтініш білдіреміз.