Мәдениет

Жас музыканттар арасында облыстық «Дебют» байқауы өтті

«Дебют» байқауы 60-қа жуық өнерлі жеткіншектің басын қосты. Барлығы – 2 номинация. Біріншісі бойынша талантты жастар фортепианомен жеке орындайды, келесіде сол аспаптың сүйемелдеуімен дуэт болып өнер көрсету керек.

Дамир Жұмажан №1 өнер мектебінде оқиды. Фортепианоның тілін тапқанына 3 жыл болыпты. 10 жастағы жеткіншек клавиштерді ойнатып қана қоймай, әншілікті де қатар алып жүр. Бүгінгі байқауда ол Роберт Шуманның «Смелый наездник» туындысын орындайды.

ДАМИР ЖҰМАЖАН, №1 өнер мектебінің оқушысы:

– Фортепиано маған қатты ұнайды. Себебі, ойнағанда басқа әлемге кіргендей боламын. Фортепиананы алғаш ойнаған кезде шатастыратынмын. Қазір жақсы деңгейде ойнаймын.

Байқауға 7 мен 17 жас аралығындағы өнерлі балалар қатысуда. Талантты жастардың орындап жатқан шығармалары құлақ құрышын қандырады. Оқушылар белгілі бір туындыны орындау барысында нотадан жаңылып жатқан жоқ дейді мамандар. Жалпы, ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай өнер сайыстары бойында дарыны бар балалардың қарым-қабілетін ұштай түседі.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

– Біз дәстүрлі түрде жыл сайын көптеген облыстық байқауларды өткізіп жүрміз. Техникалық, эстетикалық бағытта болсын әр түрлі шаралар ұйымдастырып жүрміз. Осы байқаулардың деңгейіне қарап мектеп оқушыларының жақсы өнер көрсетіп жатқанын көруге болады. Бүгінгі байқау жақсы деңгейде өтіп жатыр. Біздің шаралар оқушылардың өнерге деген сүйіспеншілігін ашады.

Шара соңында қатысушылар әр номинация бойынша марапатталады.

 

Гульден Симбаева