Спорт

Петропавлда кёрлингтен жарыс өтіп жатыр

Қолда – ысқыш құрал, ал көк мұзда – 20 келілік гранит тастар. Петропавлда “Солтүстік-2023” қысқы спорт ойындары аясында кёрлингтен жарыс өтіп жатыр. Дмитрий Гарагуль Есіл ауданының намысын қорғайды. Кёрлингпен айналысып жүргенінен 5 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде бірталай жетістікке жеткен.

ДМИТРИЙ ГАРАГУЛЬ, жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

– Біздің өңірде кёрлинг 2015 жылдан бастап дамып келеді. Жастар арасында өтетін республикалық жарыстарға қатысып тұрамыз. Өзім Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесімін. Канада, Финляндия, Чехия, Германия, Жапония және Корея сынды елдерде өткен халықаралық додаларда бақ сынадым. 

Кең таралған қысқы спорт түрінің өзіндік ережесі, өзіндік қиындығы барын білген жөн. Мұнда қара күш емес, дәлдік пен айла, ептілік пен сабырлық сыналады. Гранит тасты мұз үстінде шебер сырғанатып, көздеген жеріне дөп жеткізген жан неғұрлым көп ұпайды қоржынға салады. Петропавлдағы жарысқа өңіріміздің барлық ауданынан команда келіпті. Арасындағы есілдіктердің деңгейі өзгелерінен бір бас жоғары. Бұған дейін олар ақжарлық қарсыластарын 16 да 2 есебімен ойсырата ұтыпты.

ДЕНИС ЗЕРНОВ, жарыстың бас төрешісі:

– Сайыста аудандардың ерлер, әйелдер және аралас командасы сынға түседі. Аралас команда 2 ер және 2 әйел адамнан тұрады. Облыста кёрлингті дамыту үшін біз осы аралас командалардың көбеюіне басымдық беріп отырмыз. Жарыс соңында жеңімпаз ұжыммен қатар үздік спортшыны да анықтаймыз.

Петропавлда кёрлингшілердің жарысы ақпанның 19 жұлдызына дейін жалғасады. Жеңімпаздар медаль және грамотамен марапатталмақ.

 

Байболат Култанов