МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданында тарихи көркем фильм түсірілді

Солтүстік Қазақстан жерінде «Күлпәш» тарихи көркем фильмі түсірілді. Туынды Бейімбет Майлиннің шығармасына негізделіп таспаланған. Қоюшы-режиссері – Ернат Сәбитов. Қазақ ұлттық Өнер университетінің студенті қысқаметражды фильмді Қызылжар ауданындағы Архангельское ауылында түсірген. Айтуынша, елді мекенде 100 жылдан астам тарихы бар үйлер аз емес. Кинокартинада бой көрсеткен 18 адам – Ернат Сәбитовтың группаластары.

ЕРНАТ СӘБИТОВ, жас режиссер:

Мен осы жерде туғам, осы жерде білім алдым. Бұл оқиғаның өзі солтүстік өңірде болған, Қостанай жақта. Сондықтан, осы жерді таңдадым. Бізде кәдімгідей кастинг болды. 100 адамнан көп тексердік. Солардың ішінен ең дарынды дегендері студенттер болды.

Бұл – Ернат Сәбитовтың алғашқы фильмі. “Неліктен дәл осындай күрделі тақырыпты таңдадыңыз?”,- деп сұрап едік. «Менің аталарым – ашаршылықты көрген кісілер. Зұлмат жылдарды ұмытуға болмайды. Жауыр мәселені қозғау – жастардың міндеті»,-дейді.

ЕРНАТ СӘБИТОВ, жас режиссер:

– Жалпы, өз қаражатыма түсірдім. Әрине, жалғыз өзім түсірдім десем, дұрыс болмас. Мәдениет басқармасы көлік, логистика жағынан жақсы көмектесті. Досбол Әбдірейісов ағама алғысымды айтамын және архив деректер іздеуге көмектесті. Одан бөлек, Архангельское ауылының тұрғындарына алғысымды білдіремін.

Қысқаметражды туынды 3 ауқымды фестивальге қатыстырылмақ. Режиссер ұсыныс түссе, телеарналарда көрсетуге ниетті.

 

Алтынай Казиканова