Білім

Ауылдық мектепте НЗМ-нің тәжірибесі қолданылып жатыр

Петерфельд ауылындағы “Қызылжар Абай” орта мектебі. Оқу ұясы 3 жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік басқаруға берілді. Нәтижесінде 60-шы жылғы оқу ұясы күрделі жөндеуден өткізілді. Жаңа кабинеттер пайда болып, мектептің техникалық тегеуріні артыпты.

АМАНГЕЛДІ ӘБДРАХМАНОВ, Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Тәрбие жұмысы нығайтылуда. Серіктестікпен әріптестік орнату арқылы мекеменің әр бұрышында жөндеу жүргізілді. Жаңадан спортзал салынды. Акт залы күрделі жөндеуден өткізілді.

Ескі-құсқының бірде-бірі жоқ. Мектептегі әрбір парта мен орындық ауыстырылған. Биология, химия, физика кабинеттері де заманауи жабдықпен жабдықталған. Сондай-ақ, балалардың робототехникамен де айналысуға мүмкіндіктері пайда болды. Бұл іспен Ербол Әлихан 1 жарым жылдан бері айналысып келеді.

ЕРБОЛ ӘЛИХАН, “Қызылжар Абай” орта мектебінің оқушысы:

– Робототехника арқылы үлкен жетістіктерге жеттім. 10-ға тарта жарысқа қатыстым. Жүлделі орындарға қол жеткіздім. Робот құрастырған өте қызық. Өзіме сумо роботын жинастырған ұнайды. Ол ата алады, жүреді және көре алады.

Жаңашылдығы көп мектепті бүгін білім бөлімдерінің басшылары да аралады. Мамандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімді тұстарын бағамдады. Кейіннен дөңгелек үстел басына жайғасты. Мұнда көпшілік мекемедегі оқу үрдісін талқыға салды.

ГҮЛДЕРАЙ ҚАЙНЕТОВА, «Қызылжар Абай» орта мектебі директорының міндетін атқарушы:

– Бұл ауылдық мектептің ерекшелігі – 2020 жылдан бері біз НЗМ-нің тәжірибесін енгізе оқытудамыз. Сол себепті, аудандық білім бөлімі басшылары біздің мекемеге жиналып отыр. Негізгі мақсат – оларға ауылдық мектептің жаңа жүйе бойынша қалай жұмыс істеп жатқанын көрсету.

Айта кетейік, кезінде мектепті түгел жаңғырту үшін 300 млн теңге игерілген. Қомақты қаражатты мемлекетпен әріптестік орнатқан серіктестік бағыттаған.

 

Алдияр Айтпаев