Қоғам

Спорттық және туристік инфрақұрылым жаңғыртылады

Еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте дене тәрбиесі мен спортты, сонымен қатар, туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамаларының жобалары қаралды. Бұл жайында министрдің баспасөз қызметі хабарлады. ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов тұжырымдамада азаматтарды, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды дене тәрбиесімен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға баулу, жоғары кәсіби спорттық резервті қалыптастыру жөніндегі шаралар қарастырылғанын баяндады. Нақтырақ айтсақ, қалаларда қолжетімді жерлерден жаңа спорттық инфрақұрылымдық нысандарды, өңірлерде бұқаралық спорт орталықтары мен ауылдық жерлерде модульдік спорт ғимараттарын салу жоспарланып отыр.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Қазір көптеген қалаларда үйлердің аулаларында балалар мен ересектер дене тәрбиесімен шұғылдана алатын спорт алаңдары пайда болып жатыр. Бұл – ел ішінде кеңінен таралып жатқан жақсы тәжірибе. Біз базалық спортты бәріне бірдей қолжетімді ету үшін осындай ғимараттар тұрғызуды жалғастыра беруіміз керек. 

Туризм саласы бойынша да іске асыратын біршама жоспар бар. Соның нәтижесінде 2030 жылға дейін ішкі туристердің санын 11 млн, шетелдік туристерді 4 млн адамға дейін, салада жұмыспен қамтуды 800 мың адамға дейін арттыру көзделген.

 

Алтынай Казиканова