БілімМәдениет

Балалар кітапханасында ғаламшар туралы көрме қанат жайды

Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ғаламшар туралы көрме қанат жайды. Ол тарихи кезеңдерге байланысты 3 бөлімнен тұрады. Әрқайсысымен қабырғаға ілінген суреттер және мәліметтер арқылы танысуға болады. Ғарыш саласы қалай дамыды? Кімдер аспан әлемін бағындырды? Міне, мәдениет ошағына бас сұққан ұл-қыздар осы және өзге де сұрақтарға жауап таба алады. Гуманитарлық-техникалық колледжінің 1-ші курс студенті Диас Арғын әр ақпаратпен мұқият танысып жүр.

ДИАС АРҒЫН, Гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Осындай шаралар өзімді қызықтырады. Себебі, көптеген қызықты ақпарат аламыз. Өзім біраз мәлімет білдім. Соның ішінде ғарышкерлер туралы. Мысалы, Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып, жерге мол дерек әкелді.

Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы Гүлнұр Бекіштің айтуынша, келген көрермендерді 3-ші бөлім аса қызықтырған. Мұнда заманауи зымыран жайлы, ғарышкерлер және олардың киімдері туралы біраз ақпар ұсынылған.

ГҮЛНҰР БЕКІШ, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы:

– Мұнда алғашқы конструкторлар және ғарыштың дамуы мен тарихы жайында қысқаша мәліметтер беріліп отыр. Бұл көрмеге оқушылармен қатар, студенттер де келуде. Өйткені, ғарыш барлығымызға белгісіз әлем болып көрінеді. Сондықтан, бұған балалар қызығушылық танытуда.

Мәдениет ошағына келген жан көрмемен қатар, ғарыш туралы жазылған кітаптармен де таныса алады. Ал көрменің өзі ақпан айының соңына дейін жалғасады. Бұл шара елордадағы “Русский дом” қауымдастығымен бірлесе ұйымдастырылып отыр. Аталған ұйым кітапханаға әр түрлі жанрдағы 150-ге жуық туынды тарту еткенін де айта кету қажет.

 

Гульден Симбаева