Білім

45 жылын білім беру саласына арнаған ұстаз

Қоңырау соғылды, сабақ басталды. Кесте бойынша қазір 7-ші сыныпта – орыс тілі. Мұғалім – Татьяна Николаевна. Маман бүгін ұл-қыздардың бөлім бойынша жинаған білімдерін тексермек. Яғни, сынақтан өткізеді. Нәзікжанды өз ісін жақсы біледі. Білікті ұстаздың білім саласында жүргеніне 45 жыл болыпты.

ТАТЬЯНА МАРТЫНЕВСКАЯ, Краснознаменное орта мектебінің мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Еңбек жолымды Кеңес үкіметі кезінде бастадым. Мұғалімдік жолды үзген емеспін. Жастармен иық тірестіре оқыту жүйесіндегі жаңашылдықтарды меңгеруде бар күшімді салып келемін. Ұстаздық жолымның 45 жылы да Мамлют ауданында өтті. Оның 17 жылы осы мектеппен байланысты.

Нәзікжанды білім беріп, қанаттарын қатайтқан түлектер қазір облыс бойынша түрлі сала тізгінінде отыр. Ал Анастасия Леммер болса, өзі тәлім-тәрбие алған ұстазымен бір мектепте жұмыс істеуде. Күнделікті бұрынғыдай оқушы мен мұғалім есебінде емес, әріптес ретінде тілдеседі. “Ұстаздан шәкірт озар” демекші, жас маманның да салада жүргеніне 8 жыл болыпты.

АНАСТАСИЯ ЛЕММЕР, Краснознаменное орта мектебінің мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Оқушы кезімді еске түсірсем, Татьяна Николаевна шәкірттеріне әрдайым көмектесіп жүретін. Сабағы қызықты әрі жеңіл өтетін. Сыныптастарыммен сабағын жарыса оқитынбыз. Тіпті, үлгерімі нашар оқушылар да ол кісінің сабағына құлшыныспен қатысатын. Үлгі тұтқан ұстазымның арқасында мұғалім мамандығына деген махаббат пайда болды.

Білікті әрі талапшыл маман, жаны жайсаң адам. Татьяна Мартыневскаяны әріптестері осылай сипаттайды.

АМАНГЕЛДІ САТАНОВ, Краснознаменное орта мектебінің мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Татьяна Николаевнаның оқушылары конкурс, түрлі сайыстардан жүлдесіз қайтпайды. Мектепке жас маман ретінде келген кезде осы кісінің сабақтарына қатысып, тәжірибе жинақтадым. Мектепке келген жас мамандар оны үлгі тұтады. Кеңес болған кезде барлығы Татьяна Николаевнаға жүгінеді.

“Оқу ісінің үздігі”, “Еңбек ардагері”. Бұл ұлағатты ұстаз иеленген атақтардың бір парасы ғана. Диплом, грамоталарында есеп жоқ. “Ұстаздық жолда, ең бастысы, жалықпау керек. Сонда еңбегің жанады”, – дейді Татьяна Николаевна.

ТАТЬЯНА МАРТЫНЕВСКАЯ, Краснознаменное орта мектебінің мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Өзім бір саланың биігіне шықтым деп ойлаймын. Ұстаздық жолды таңдағаныма өкінген емеспін. Қаншама шәкірт тәрбиеледім. Сол шәкірттердің маман иесі болып қалыптасқанын көргенде еңбегімнің зая кетпегенін түсінемін.

Ұстаздық – ұлы жол. Татьяна Николаевна соңынан ерер жас, еңбегіне адал мамандардың көп болғанын қалайды.

 

Алдияр Айтпаев