Білім

Ұстаздар біліктіліктерін арттырды

Солтүстікқазақстандық мұғалімдер қауымы бүгін Lesson Study деп аталатын педагогикалық тәсілді талқылады. Lesson Study – балалардың сабаққа деген қызығушылығы мен білім деңгейін арттыруға негізделген тәсіл. Жиынға 28 білім беру ұйымынан 100-ге жуық ұстаз жиналды.

Ортада – Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зухра Ауғанбаева. Ол оқу мақсатын қалай дұрыс құру қажеттігін айтуда. 26 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз балалармен қалай жұмыс жасау керектігін жетік біледі.

ЗУХРА АУҒАНБАЕВА, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің мұғалімі:

– Мен бүгінгі семинарға өзіміздің мектебіміздегі іс-тәжірибені алып келдім. Қазіргі таңда біз 3 жылға перспективті жоспар құрып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, мектепте білім сапасы бұрынғыдай пайыздық көрсеткішпен емес, осы педагогтердің іс әрекетті зерттеуімен байланысты болып жатыр. Сондықтан да оқушының сабықта сөйлеуі, ой айтуы, бағалануы осы зерттеу нәтижесінде көрінетін болады.

№3 Смирнов орта мектебінің химия пәні мұғалімі Айгүл Бекмұрзанова семинар-тренинг жаңашыл әдіс-тәсілдердің пайда болуына септеседі дейді. Өйткені, жиында ұсыныс-тілектер айтылады.

АЙГҮЛ БЕКМҰРЗАНОВА, №3 Смирнов орта мектебінің мұғалімі, Аққайың ауданы:

– Мұғалімдермен біріге отыра сабақ жоспарын құрып, сабақты зерттеу арқылы оңай әрі тиімді әдістерді ұсынамыз. Білім сапасына қол жеткізуге өте үлкен көмегін тигізеді бұл әдіс. Қазіргі таңда балалардың білім сапасы жақсы деңгейге көтеріліп келе жатыр.

Семинар-тренинг 2 кезеңнен тұрады. Біріншісі – теориялық, мұнда оқу жоспары талқыланса, практикалық кезеңде “Өрлеу” өкілдерінің тренерлері әр топқа тапсырма береді. Соны мұғалімдер ұжым болып орындаулары қажет.

ДУМАН ЗАКИРИН, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Ең біріншіден, мұғалім өзінің сабағына мұқият дайындалып, өзінің сабағын зерттеуі қажет. Оқушының қай жерде қиналатын мәселелерін анықтап, жетілдіруі керек. Соның нәтижесінде білім сапасы көтеріледі.

Шара соңында 16 тренерге сертификат табыс етілді.

 

Гульден Симбаева