Мәдениет

Петропавлға жан-жақтан дүлдүл ақындар жиналуда

Бүгін қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған жазба ақындар мүшәйрасының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтеді. Осыған орай қаламызға жан-жақтан шығармашыл жандар жиналуда. Абай және Ақмола облыстарынан келген Мерей Қарт пен Қуаныш Оспанов алдымен Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясына кіріп шықты. Меймандарды музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын ұл-қыздар қарсы алды.


Мағжан Жұмабаев – қазақтың санасын оятуға асыққан, шығармаларында елі мен жеріне деген махаббатын кеңінен жырлаған көрнекті ақын. “Алаш қайраткерінің мерейтойына қатысып, туған топырағын басу – үлкен қуаныш”,- дейді Мерей Қарт. Қазақстан Жазушылар одағының Абай облыстық филиалының төрағасы ұлы тұлғаның өзі мен шығармашылығын ерекше құрметтейді.

МЕРЕЙ ҚАРТ, Қазақстан Жазушылар одағы Абай облыстық филиалының төрағасы:

– Мағжанның жыры, сыршыл поэзиясы, прозасы қазақтың нәзік жүрегі барда ешқашан өлмейді. Мағжан үнемі жастықты, алаулаған сезімді жырлайды.

Қаламгер Петропавлға құр алақан емес, Мағжанға арнаған жырын ала келіпті. Оның үстіне шығармаларын да теріскейліктерге сыйға тартпақшы. Көкшетаулық Қуаныш Оспанов та 2 кітабын әкелген. Азаматтың өзі Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына жетекшілік етеді.

ҚУАНЫШ ОСПАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Биыл жыл бойы Мағжанды асқақтататын боламыз. Мағжан – түркі жұртының тәу ететін ұлы тұлғасы. Тұраншылдық идеясының негізін қалаған тұлға. Мен Мағжанды бір-ақ ауыз сөзбен Тұран тұрпатты Мағжан деп айтамын.

Мектеп оқушылары келген қонақтарға арнап жырдан шашу шашты.

 

Алтынай Казиканова