Мәдениет

Мағжанның мерейтойына арналған мүшәйра мәресіне жетті

Түске дейін университет, колледждер мен мектептерді аралаған ақындар күннің екінші жартысында Жастар сарайында бас қосты. Мұнда мүшәйра қорытындыланды. Қаламы қарымды жандар Мағжанға арнаған өлеңдерін оқыды. Ортада – шалқар шабыт иесі Мерей Қарт. Тырнақалды туындысында Абай облысының тумасы қазіргі жастарды сынға алды.

Ақынның бұл өлеңі біреуге ой салса, енді бірін күрсіндірді.

МЕРЕЙ ҚАРТ, Қазақстан Жазушылар одағы Абай облыстық филиалының төрағасы:

– Абай – ақылдың ақыны болса, Мағжан – ақынның ақыны деген сөз бар ғой. Қазақ поэзиясының, жазба әдебиетінің ірі өкілінің тойына үлес қосу – біз үшін мақтаныш. Ағынның ізі қалған киелі топыраққа біздің де табанымыз тиіп жатқанына қуаныштымыз. 

“Қазақты сүйсең – халық жауысың!
Қазақпен бірге өлердей сол мұң”.

Бұл – Танакөз Толқынқызының арнауынан үзінді. Туындыда нәзікжанды Мағжанның ұлтжандылығын жырға қосқан. Сондай-ақ, солақай саясат болмағанда Алашта арда бір туған Мағжанның тағдырдан талай алары барын да айтты.

ТАНАКӨЗ ТОЛҚЫНҚЫЗЫ, мүшәйраға қатысушы, ақын:

– Адам жүрегі қазір көп нәрсеге селт етпейді. Бәріне үйреншікті қарайды. Бірақ мен үшін Алаш сөзі айтылғанда жүрегім қозғалмай қоймайды. Өзім үшін қазақ элитасының бетіне шыққан қаймақтары ол – алаштықтар. Соның жарқын бір жұлдызы – Мағжан Жұмабаев. Бұл – ғасырлардан озып туған ақын.

Кеште барлығы – 9 ақын өз арнауларын оқыды. Бұл жандар – мүшәйра жарияланғанда қатысқан 90 қарымды қаламгерлер арасынан оза шапқандар. Кеш соңында шалқар шабыт иелеріне дипломдар мен 300 мың теңге көлемінде сертификаттар табыс етілді.

 

Алдияр Айтпаев