Қоғам

Адвокатқа кімдер тегін жүгіне алады?

Солтүстікқазақстандық адвокаттар жыл басынан бері заң жағынан 350 азаматқа тегін көмек көрсеткен. Бұл туралы облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Қожахметова мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылдың орта тұсында ҚР «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңына өзгерістер енгізіліпті. Яғни, тегін заңгерлік көмек беру қызметін пайдалана алатын азаматтардың тізімі кеңейтілді. Аталған мүмкіндікті зейнеткерлер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен мерзімді қызметтегі сарбаздар пайдалана алады.

ГҮЛНӘР ҚОЖАХМЕТОВА, СҚО әділет департаменті басшысының орынбасары:

– Осы санаттағы жандар адвокатқа кез келген уақытта, кез келген мәселе бойынша жүгіне алады. Олар тұрғылықты жері мен орналасқан жеріне қарамастан республикамыздың аумағында мемлекетпен кепілдендірілген заңды көмекті алуға құқылы екенін атап өту қажет. Қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Қазіргі уақытта аталған санаттағы жандарға 74 адвокат тегін заңгерлік көмек көрсете алады.

Облыстық адвокаттар алқасы қалалық заң консультациясының меңгерушісі Әсия Байтемірованың айтуынша, Петропавлда жалпы, адвокаттық консультация алудың құны сағатына 3 мың теңгеден басталады екен. Айта кетейік, биыл облысқа мемлекетпен кепілдендірілген заңгерлік көмек көрсетуге 180 млн теңге бөлінген.

ӘСИЯ БАЙТЕМІРОВА, облыстық адвокаттар алқасы қалалық заң консультациясының меңгерушісі:

– Адвокаттар кез келген бағыт бойынша консультация береді. Азамат өтініш-арызымен жүгінген күні бірден іске кіріседі. Келіп түскен өтініштің барлығын міндеті түрде қабылдауымыз қажет. Сондай-ақ, өзіміз зейнеткерлермен, ардагерлермен жүздесіп, қарттар үйіне барып тегін консультация береміз, қажет болса мәселелерді шешеміз. Көмекке жүгінетіндердің дені – мүгедектігі бар адамдар.

Тегін заңгерлік көмекке мұқтаж жандар Петропавлдағы Астана көшесі, 24 мекенжайы бойынша орналасқан кеңсеге жүгіне алады. Мұнда таңғы 9-дан кешкі 17:00-ге дейін кезекші адвокаттар жұмыс істейді.

 

Самал Жунусова